Баспана мәселесі маманның кәсіби біліктілігіне кері әсер етеді - Кәсіпкерлер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері (ҰКП) 2016 жылғы «Іскерлік ахуал» әлеуеметтік зерттеуінің қорытындысын жариялаған болатын. Бұл нендей зерттеу және оның маңызы қандай?
None
None

«Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингі - ең алдымен өңірлердегі ағымдағы жағдайды, бағаланатын 5 фактормен байланысты проблемаларды анықтауға мүмкіндік беретін құрал. Бұл зерттеу The World Bank, Bank of Amerika, British Government, Financial Times and The Economist, Ernst & Young, «Опора России» секілді компаниялардың бизнес-барометр тәжірибесіне негізделген.

«Іскерлік ахуал» зерттеу әдіснамасы бизнес ортаны бес негізгі фактор бойынша бағалайды. Олар: әкімшілік реттеу, қаржы және адами ресурстар, мемлекеттік қолдау, жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым.

Бес фактордың әрқайсысы бірқатар индикаторлардан тұрады.

Мысалы, «Қаржылық ресурстар» факторы - іскерлік ортаны қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Осы фактор бойынша бағалау бизнес қажеттіліктерін анықтаумен қатар әр өңірдің қаржыландыру тәжірибесі бойынша біртұтас көріністі қалыптастырады. Мұнда кәсіпорынның жалпы қаржылық жағдайы мен оның қарыз құралдарын пайдалану бойынша жоспарларын анықтау мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін қаржыландыру көздерінің қолжетімділігін шектейтін факторларына талдау жасалады.

Түрлі әлемдік баламалардың тәжірибесін ескере отырып, «Іскерлік климат» рейтингі социологиялық сауалнама деректерін қамтитынын айта кетейік. Яғни аталған зерттеу нәтижелері кәсіпкерлердің субъективті пікіріне негізделеді. Оның нысаналы тобы - кәсіпкерлер.

Сауалнама елдің барлық 14 облысында және республикалық маңызы бар екі қалада өткізілді. Қала (78,9%) мен ауыл халқын (21,1%) қамтылды. Оған 4 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілері қатысты. Зерттеу нәтижелері бойынша 2016 жылы респонденттердің орташа жасы 41 жасты құрады.

Олардың бизнесінің орташа жасы - 7 жыл 8 айды құрады. Бұл ретте, респонденттердің арасында жоғары білімді кәсіпкерлер басымдық танытты. Респонденттердің көпшілігі (73,2%) бизнес басшылары, 13,5% есепшілер, қалған бөлігі - директордың орынбасарлары мен компания қызметкерлері.

Сонымен қоса, респонденттердің 46,9% жеке кәсіпкерлер, 45,2% жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілдері, 5,2% шаруа және фермер қожалықтарының басшылары құрады.

Гендерлік бөліністе респонденттер құрамы шамамен тең: 52,6% - әйелдер, 47,4% - ерлер. Ұлты жағынан кәсіпкерлердің басым бөлігін (67,4%) қазақ ұлт өкілдері құраса, орыс ұлтының өкілдері 21,7 пайыз және басқа ұлт өкілдері 10,9 пайыз шамасында болды.

Сауалнамаға қатысушылар кедендік органдарда, экономикалық зерттеу қызметі мен көлік инспекциясында сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары деп көрсеткен. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық деңгейі Жамбыл, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жоғары деп танылған.

Сараптама бойынша мемлекеттік органдардың тиімді жұмысына кедергі келтіретін негізгі мәселелер де анықталды. Оның ішінде респонденттердің 29,53% құжаттарды қарау мерзімінің ұзақтығы мен қағазбастылықты көрсеткен. Ал қатысушылардың 14,75 пайызы қызметкерлер біліктілігінің төмендігін атаған.

Сонымен қатар, сауалнамада жер учаскелерін алудың қолжетімсіздігі немесе қиындығы да көтерілген. Кәсіпкерлер тарифтердің жоғарылығына назар аударған. Сауалнамаға қатысушылардың 64%-дан астамы электр энергиясының қымбат екендігін атап көрсеткен.

Сауалнамаға қатысушылардың барлығы маман мәселесін көтергенде олардың кәсіби дамуы үшін тұрғын үймен қамтамасыз етілу қажеттілігін атап өткен.

«Атамекен» ҰКП өкілдерінің сөзіне сенсек, аталған «Іскерлік ахуал» зерттеуі еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес-ахуалды жақсартудың жол картасы бола алады. Яғни, осы бір социологиялық зерттеуді негізге ала отырып, орта және шағын бизнесті аймақтарда дамыту бойынша стратегиялық бағдарлама жасаудың зор мүмкіндігі бар.

Соңғы жаңалықтар