Баспана сатып алу сұранысы ұсыныстан 1,5-2 есеге артық - «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» Басқарма төрайымы

Бүгін «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева осылай мәлім етті.
Басқарма төрайымының айтуынша, ағымдағы жылы «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы бекітілген соң, осы бағдарлама аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 4,4 миллиард теңге сомасына несиелер беріп үлгерген.
«Қазіргі уақытта салынып жатқан 7 883 пәтерді сатып алуға 12 мыңға жуық өтініш түсті. Яғни, осы тұрғын үйлерге сұраныс ұсыныстан 1,5 есе, ал Алматы, Астана қалаларында 2 есе артық болып отыр. Жалпы, бүгінгі таңда бағдарламада көзделген тұрғын үйді пайдалануға берудің мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізілмегенін атап айту қажет. Мәселен, жергілікті атқару органдармен жасалған келісімдер бойынша 2012 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайға сәйкес, жалпы ауданы 251 мың шаршы метр 3 840 пәтерлік 62 үй пайдалануға берілуі тиіс болса, нақты іс жүзінде жалпы ауданы 108 мың шаршы метр 1 573 пәтерлік 25 үй пайдалануға берілді», - дейді Н. Наурызбаева.