«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің ОҚО учаскесінде құрылыс жұмыстары басталды

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің мәліметтерінде хабарланды.
Жалпы, 2013 жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салу жобасын іске асыру бойынша Қазақстанда құрылыс жұмыстарымен 1406 шақырым жолды қамту көзделген (Ақтөбе облысы - 140 шақырым, Қызылорда облысы - 812 шақырым, Оңтүстік Қазақстан облысы - 239 шықырым, Жамбыл облысы - 215 шақырым).
Атап айтқанда, биылғы жылы Тараз қаласында ұзындығы 65 шақырымды құрайтын айналма жол және халықаралық магистральдің «Шымкент -Жамбыл облысының шекарасы» учаскесінің 79 шақырымдық жол құрылысы басталады. Мұның сыртында, жылдың екінші жартысында «Алматы - Қорғас (304)» учаскесін қайта жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салу жұмыстары 2009 жылы басталған болатын. Биылғы жылы халықаралық дәліздің 806 шақырымын аяқтап, жол қозғалысын ашу жоспарлануда. Қазақстанда бұл жобаны 2015 жылы аяқтау көзделген.