"Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық магистралі бойымен ақпараттық шеруге қатысушылар алғашқы күні өндірістік нысандарда болды

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат -  "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық магистралі бойымен ақпараттық шеруге қатысушылар алғашқы күні  өндірістік нысандарда болды, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

«Жаңа Жібек жолы» ақпараттық шеруі өз жұмысын  Қызылорда қаласынан бастады. Бұл жерден 12  қатысушы  мінген автобус жолға шықты. Олар үш күннің ішінде  салынып жатқан халықаралық көлік дәлізі бойымен 1000 километрден  артық  жолды  жүріп өтеді.

Жол құрылысы ауыр техника жұмылдырылған қауіпті өндіріс аймағы  саналатындықтан  ақпараттық  шеруге қатысушылардың барлығы, бірінші кезекте,  қауіпсіздік ережелерімен танысты.

Ақпараттық шерудің алғашқы аялдамасы «УАД» ЖШС битум зауыты болды. Бұл зауыт  «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»  көлік дәлізі құрылысының басталуына орай  2009 жылы салынған болатын. Егер бұрын елімізге битум шет елден әкелінетін болса, қазіргі күні аталған зауыт күніне 200 тонна битум өндіреді. Бұл осы өңірдегі жол-құрылыс компанияларының битумға деген сұранысын  қамтамасыз етуге жеткілікті.

Битум және оның  автомобиль жолдары  құрылысында алатын орны  туралы Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов қатысушыларға әңгімелеп берді.  Ақпараттық  турға қатысушылар аталған құрылыс материалының  өндірілу жолымен танысып, зертханалық  эксперимент жүргізіп көрді. Нәтижесінде битумның  тауарлық белгісі мен  материалды жұмсартуға қажетті  температура мөлшерін анықтады.

Бірінші күні шерушілер командасы  «Тодини» италияндық құрылыс  компаниясының қиыршық тас зауыты мен  асфальт бетонды  төсеп жатқан құрылыс учаскесінде болды.

«Тодини» филиалының  директоры Фабио Алманьо қатысушыларға жол жабындысының ең үстіңгі  қабаты  қиыршық тасты - мастикалық  асфальт бетонды (ҚМА) қолданудың ең заманауи технологиясы бойынша  жүргізіліп жатқаны туралы айтып өтті. Қарапайым асфальт бетонмен салыстырғанда, аталған  жабынды қай жағынан алсақ та  өте төзімді болып келеді.

Қиыршық тасты - мастикалық асфальт бетоны алғаш рет Германияда шығарылды. Қазақстанда аталған технология алғаш рет 2007 жылы  еліміздің барлық өңірлерінде  тәжірибелік сынақтан өткізілген соң қолданыла бастады.

Ақпараттық  турдың  бірінші күні  қалай өткені  туралы  Интернет арқылы  Twitter-ден (#ZEZK), «Қазақстан»  ұлттық  арнасының  эфирінен  (Жаңалықтар 20.30)  және  «Бірінші арна Евразия» (Новости 18.30), «Астана» және  «Қазақ радиосы» эфирлерінен, «ҚазАқпарат» жаңалықтар таспасынан  біле аласыздар. 

Ертең,  24 қазанда турға қатысушылар  Түркістан қаласынан Тараз қаласына  дейінгі жолды жүріп өтулері тиіс. 

Бұл жобаны   ҚР Көлік және коммуникация  министрлігі  «Қазақстан» РТРК-мен және  Қазақстан автожолшылар  қауымдастығымен бірге  ұйымдастырып  отырғанын  естеріңізіге салып өткіміз келеді. Инфотурға қатысушылар  асфальт пен цемент бетонды төсеу  процесін өз көздерімен көріп,  жол құрылысының заманауи технологияларының артықшылықтарымен  танысады. Құрылыс нысандарында, зауыттар мен зертханаларда  болып,  жол  жабындыларының   төзімділігін сынайды, құрылыс материалдарының сапасын тексеріп көреді.  


Ақпараттық шерушілер командасының құрамында ғалым- археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, автожолшы Бақытжан Мұртазин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жанна Орынбасарова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Азаматтық қатысу бағдарламасының директоры Сабина Дюсекеева, «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі Мейіржан Жиенәлі, әнші Ринат Малцагов, әртіс Әсел Сәдуақасова, әнші Алмас Кішкенбаев, радиожүргізуші Тимур Сержанов, блоггер Александр Мелентьевтер бар.

«Батыс  Еуропа - Батыс Қытай» магистралін қайта салу Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың  бастамасымен 2009 жылы қолға алынды.  Батыс пен Шығысты жалғаған сауда магистралі - «Ұлы Жібек жолын»  бес ғасыр өткен соң қайта жаңғыртуды Елбасы өзі ұсынған еді. Нәтижесінде көрші мемлекеттермен бірқатар меморандумдар қабылданып, жобаны  жүзеге асыру  туралы келісімге қол  жеткізілді.

Бұл жоба Қазақстан үшін еліміздің транзиттік әлеуетін іске асырумен қатар республикамыздың оңтүстігі мен батыс өңірлерінің  бір-бірімен сенімді көлік байланысын орнатуы үшін де  тартымды.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі  бұл - Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа жолы. Бұл қашықтықты аталған көлік дәлізімен жүріп өтуге  10 күн кетеді, ал темір жол арқылы жүріп өтуге 15 күн жұмсалатын болса, теңіз арқылы аталған қашықтықты жүріп өтуге бір жарым ай  уақыт (45 күн)  кетеді.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің қазақстандық учаскесінің ұзындығы  2 787 км құрайды,  соның  2 452 км  қайта салуды қажет етеді. Қазір  құрылыс жұмыстары  4 облыста: Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстанда 34 учаске бойынша  1 621 км  жолы бойында   жүргізілуде. Бүгінге  215 км құрайтын  Қарабұтақ - Ырғыз - Қызылорда обл. шекарасы пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 700 км жолды тапсыру көзделуде. Қазақстандық учаскені толық аяқтау және пайдалануға беру  2015 жылға жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум