«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі арқылы жүк тасымалдау мәселелері жыл аяғында Ляньюньгань қаласында талқыланады

Бұл туралы ҚРКөлік және коммуникация министрлігінен мәлім етті.
Өткен аптада ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербеков Ляньюньгань қаласының партком хатшысы, Ляньюньгань қаласының Халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы Ван Цзяньхуамен кездесті.
В.Цзяньхуаның сөзіне қарағанда, Қытай Халық Республикасының Үкіметі Ляньюньганьді, «Қорғас» шекарасы жанындағы ынтымақтастықтың халықаралық орталығының экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына ықпал ететін Қазақстанның басты серіктесі ретінде белгілеген. Атап айтқанда бұл, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автомобиль дәлізі, «Қорғас - Жетіген темір жол желісін салу», «Қорғас» шекарасы жанындағы ынтымақтастықтың орталығын салу» жобаларын іске асыруға тікелей қатысты.
Осыған байланысты қаланың бизнес қауымы бұл жобаларға қатысуға мүдделілік танытуда. Бұл ретте жобалармен тереңірек танысуға және белгілі бір келісімдерге келу үшін өзара ашық пікір алмасуға жағдай жасау қажеттігі туындап отыр. Сондықтан, қазақстандық және қытайлық жүк жөнелтушілер мен тасымалдаушылардың қатысуымен биылғы жылдың соңында өткізілуі жоспарланған «Халықаралық тасымалдар жағдайын жақсарту және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәліздің тартымдылығын арттыру» тақырыбындағы конференция оңтайлы болады деген сенім бар.
Д. Көтербеков, Қазақстан Республикасы Қытаймен ынтымақтасуға толықтай мүдделі екендігін айта келе, аталмыш жобалардың іске асырылуы соның нақты дәлелі екендігін атап өтті. «Басқасын былай қойғанда, Ляньюньгань портынан басталатын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік дәлізін жасау жөнінде қол қойылған меморандум, екі жақтық ынтымақтастық саласындағы перспективалық міндеттерді айқындап берді», - деп түйіндеді вице-министр.
Айта кетейік, Ляньюньгань ірі портты қаласы арқылы Солтүстік-Шығыс Қытайды Оңтүстік-Шығыс елдерімен байланыстыратын сауда жолы өтеді. Ол Сары теңіздің жағалауында, Цзянсу провинциясында орналасқан. ҚХР бұл қаланың дамуына айрықша мән береді, тікелей порттың дамуына едәуір қаржы бөледі. Кейінгі 5 жылда порттың өткізу қабілеті 2 есе артқан, ал қайта тиеу қуаты жылына 110 млн. тоннаға жеткен.