«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» Қазақстан жастарын жұмылдыратын ауқымды құрылыс болуы керек - М.Әбенов

bsp;АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сонымен көпшілік арасында үлкен резонанс тудырған халықаралық деңгейдегі инвестициялық мегажоба «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы да басталды. Жалпы құны шамамен 900 миллиард долларға бағаланып отырған жобаның ұзындығы 8 мың 445 шақырымды құрайды. Оның 2 мың 787 шақырым Қазақстаннның Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының
None
None

аумақтары арқылы өтеді. Қытаймен шекарадан басталатын дәліз Қазақстан арқылы өтіп, Азия елдері мен Еуропаға шығудың оңтайлы жолын ашады. Өзгелерге қалай екені белгісіз, ал Қазақстан үшін аталмыш жобаға артылатын үміт зор. Себебі ол мыңдаған жұмыс орындары мен еліміздің оңтүстік өңірлерінің экономикасын жетілдіретін үлкен күш десе болғандай. Яғни жоба белгіленген жоспарға сай сәтімен жүзеге асатын болса, еліміздің көптеген салалары бойынша қалыптасқан проблемалар біршама шешіліп қалатын сияқты. Бұлай дейтін себебеміз, Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов алдын ала жасалған болжамдар бойынша аталмыш жоба аясында 2010-2011-2012 жылдары елде жыл сайын 50 мың жұмыс орындары ашылып отыратындығын атап өткен болатын. Ең қуантарлығы, жұмысқа тартылатын азаматтардың 90 пайызы қазақтар болуы шарт. Ол аз болса, жоба аясында аралас саланы қамтитын жұмыс орындары мен қызметтер де ашылып, оған 160 мыңға жуық адам тартылады деп күтілуде. Ал жоба толығымен жүзеге аса бастаған уақытта онда 210 мыңға жуық адам қызмет ететін болады. Сөйтіп елімізде бос жүрген жүздеген жастар жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық проблемасы да біршама оңала түспек. Ал әзірге тек елде жоқ мамандар ғана болмаса, өзге қызметтер бойынша шет елдерден кадрларды тартуға тыйым салынған.

Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру барысында аймақта жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар мен аймақтың өндіріс нысандары тартылады. Дәлізге байланысты атқарылатын жұмыстар еліміздің бірқатар аймақтарында өндіріс ошақтарының жеделдетіп ашылуына негіз болып отыр. Мысалы халықаралық көлік дәлізі өтетін Жамбыл облысында цемент пен асфальт битумы, темір-бетон бұйымдарының өндірісі жолға қойылған. Бұған қоса аймақта тағы тас, қиыршық тас, тас карьерлері де жұмыс істеп жатыр. Ал Қызылорда облысы жоба аясындағы жұмыстарға 2006 жылдан бері дайындалып келеді. Ерте бастан қолға алынған іс-қимылдардың нәтижесінде аймақта қиыршық тастардың бірнеше зауыты, битум зауыты салынып біткен. Онда тіпті тиісті техникалар да тартылып, кәсіптік-техникалық оқу орталығы да құрылыпты. Сөйтіп жоба еліміздің өндіріс саласында да тың серпін беріп, жаңа өндіріс ошақтарының жұмысын жолға қоюға ықпал етуде. Жоба мемлекетіміздің 5 облысын басып өтеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар республиканың өзге де облыстарында жүзеге асырылуда. Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе, 2011 жылы халықаралық транзит дәлізінің Қазақстан арқылы өтетін учаскелерінің құрылыс жұмыстарына пайдаланатын материалдар толығымен елімізде өндірілмек. Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербековтың өзіне сүйенсек, халықаралық транзит жобасының қазақстандық бөлігінде жүріп жатқан жұмыстарына пайдаланылып жатқан құм, темір бетон, цемент бояу, металдар мен өзге де түрлі материалдардың 84 пайызы осы кездің өзінде-ақ Қазақстанда өндіріледі екен. Әзірге бізді қинап тұрғаны тек бетон ғана. Алайда бұл мәселенің де шешілетін күні алыс емес. Нақтырақ айтқанда, 2011 жылы Ақтаудағы битум зауыты іске қосылса, көлік дәлізіне қажетті материалдардың барлығы толығымен елде шығарылатын болады.

Бұл қазақстандықтардың халықаралық дәліздің құрылысы біткенге дейін көретін игіліктері. Ал жоба аяқталатын болса, жүк тасымалы Қытай-Қазақстан, Қытай-Орталық Азия, Қытай-Ресей-Батыс Еуропа маршруттары бойынша қамтамасыз етіліп, дәліз біздің тауарларымыз үшін аса маңызды магистральге айналады. Нәтижесінде автокөлік тасымалы 4 есеге артып, олар тасымалдайтын тауар көлемі 900 мың тоннадан 3,5 миллион тоннаға дейін артады деп күтілуде. Жобаны аяқтау ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына жоспарланып отыр.

Ал «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өкілдері, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің жүзеге асырылу барысын бақылайтындықтарын мәлім етті. Осы орайда аталмыш партияның Партиялық бақылау комитетінің жанынан арнайы сараптау тобы құрылыпты. Аталған сараптамалық топ жетекшісі Владимир Дворецкийдің айтуынша, партия өкілдері бұл жұмысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру шараларына азаматтық, партиялық бақылау жүргізу аясындағы міндеттеріне сай қолға алған. Сараптамалық топ құрамына Парламент депутаттары мен бірқатар мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар енгізіліпті. «Сонымен қатар жоба жүзеге асырылатын аймақтарда, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мақсатында аймақтық, қоғамдық сараптамалық топтар құрылған. Ал жобаға байланысты құрылған 34 құрылыс нысанында партиялық бақылау тіректері жұмыс істейтін болады. Біз елдегі жүзеге асырылып жатқан жобалардың арасында өзге емес, тап осы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізін нысанға алып отырмыз. Өйткені аталмыш жобаға мемлекеттен қыруар қаржы жұмсалады. Бұл ретте бізді жобаның қаншалықты сапалы болатындығы ғана емес, оның барысындағы жұмыстардың қаншалықты талапқа сай жүргізілетіндігі де толғандырып отыр. Сонымен қатар біз осы жобаның осы саладағы бәсекелестікті дамытуға қаншалықты үлес қосып отырғандығын да білгіміз келеді», дейді В.Дворецкий.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтың сөзінше, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» бірінші кезекте Қазақстандықтардың мүмкіндіктерін арттыратын экономикалық жоба. Екінші жағынан ол үлкен әлеуметтік жоба. Бүгінде көлік дәлізі өтетін жолдың бойында 4,5 милионнан астам қазақстандықтар тұрады. Солардың көпшілігі осы уақыттың өзінде-ақ дәліз құрылысы арқылы жұмыспен қамтылып отыр. Осыған орай «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен партияның Парламенттегі фракциясының мүшелері жиналып, жобаның жүзеге асырылуын бақылауды мақсат етіп отыр. Бұл ретте тек жобаға жұмсалатын қаржы көлемі ғана емес, оның сапасы мен осы жоба аясында жұмыс істеп жатқан азаматтардың әлеуметтік жағдайлары мен құқықтарының қорғалуы, жергілікті шағын және орта бизнестің осы іске араласу мәселелері де басты назарда болады. Дәлізге қатысты құрылыс материалдарынан бастап, құрал-жабдықтармен қамту, жұмысшылардың қажеттіліктері сияқты мәселелердің барлығы жергілікті аймақтарда шешіледі. «Сол себепті біз қолға алғалы отырған шара өте маңызды. Бұдан өзге біз осы сала әлемдегі ең мықты деген менеджмент негізінде жұмыс істесе деген ниеттеміз. Сонда ғана біздің жұмысшыларымызға халықаралық талаптарға сай жағдайлар жасалатын болады. Әйтпесе «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып, еңбеккерлердің құқықтарының толық сақталатынына ешкім де кепіл бола алмайды. Жалпы қазір аталмыш жобаның құрылысы бойынша белгіленген тәртіп пен заң бұзушылықтар осы кездің өзінде-ақ орын алып отыр. Әрине, олар соншалықты қорқынышты болмағанымен осы бетімен кете берсе, неше түрлі сұмдықтардың куәсі боларымыз анық. Сондықтан осындай кемшіліктерді болдырмау үшін бізге халықаралық стандартарды енгізу қажет. Осы тұрғыдан алғанда да біздің жұмысымыз өте маңызды деп білемін» дейді депутат.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы еліміздің жастарын жұмылдыратын кезіндегі «Байкал, Амур магистралі» сияқты ауқымды құрылыс болуы керек. Осыған қарай қазір аталмыш жобаның жұмыстарына неге жастардан құрылған құрылыс отрядтары тартылмайды деген сыңайдағы сауалдар туындап отыр. Оның үстіне «Жасыл ел» бағдарламасының өкілдері де құрылыс жұмыстары барысында табиғатты ластау әрекеттерінің жолын кесіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жастар үшін бірінші кезекте жаңа жұмыс орындары, екіншіден тәрбие болмақ», деген депутат бұл істің екінші қырын да ашты.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» сөз жоқ елдің экономикасын ілгері жетелейтін үлкен жоба. Мемлекет оған қыруар қаржы бөліп, үлкен маңыз беріп отыр. Ал «Нұр Отан» партиясының жоба аясындағы құрылыс жұмыстарының барысын бақылауға алуы да көңілге қонымды іс болды. Өйткені, елдегі түрлі құрылыс нысандарын салуға немесе үлкен ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізуге мемлекеттен бөлінген миллиардтаған сомалардың құмға сіңген судай болып кеткен кездерінің сан мәрте куәсі болғанбыз. Кейіннен сапасыз ғимараттар мен толық жөнделмеген нысандар қосымша проблемалар тудырып жатады. Оның үстіне елдегі еңбеккерлердің құқықтарының қорғалуы да бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Қорыта келгенде, баяғыдай бей-берекет, бақылаусыз, қадағалаусыз қалай болса-солай атқарылатын істерге тоқтау салатын кез жеткен сияқты. Өсіп-өркендеп келе жатқан елміз деп бос ышқынудан гөрі, кез-келген істі сол өркениетті елдердегідей таза, жинақы, мәдениетті түрде жүзеге асыратындай жағдай жасалуы қажет. «Нұр Отан» партиясының бастамасы осы бағытағы игі қадам. Аталмыш шара атқарылатын істің нәтижелілігін арттырмаса, кеміте қоймасы анық.

Соңғы жаңалықтар