16:57, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Батыс ішкі істер департаментінің қызметкерлері адам саудасы фактісін ашты
АҚТӨБЕ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Мирал Жармұхамбетов/ – Республикамызда наурыздың 10-ынан 20-сы аралығында өткізілетін «Адам саудасының құрбаны болма» акциясы мен жедел алдын-алу шаралары барысында көліктегі Батыс ішкі істер департаментінің қызметкерлері адам саудасы фактісін ашты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Қылмыс әдеттегідей, мемлекеттік шекаралардан өту арқылы жасалған.Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Өзбекстанның 48 жасар азаматына Қазақстанда айлығы жоғары жұмысқа орналастыруға уәде етіп, оны кәмелетке толмаған екі баласымен Маңғыстау облысының Бейнеу стансысы арқылы Қазақстан Республикасының аумағына әкеледі. Одан кейін ол адамдарды Атырау облысының Құлсары кентінде қара жұмысқа салу үшін жергілікті тұрғындарға 15 мың теңгеге сатады.Өзбекстандық адамдар қамауда құлдық жағдайында ұсталған, күштеп жұмысқа жегілген, өз беттерінше сыртқа бір адым аттап шыға алмаған және толықтай қожаларына тәуелді болған. Адам саудасы фактісі бойынша ҚР Қылмыс кодексінің 128-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.