Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің шыға бастағанына 94 жыл толды
Бұдан 94 жыл бұрын тарихи Хан ордасында «Хабар» деген атпен жарық көрген облыстық газеттер негізі бастауын 1911-1913 жылдары шығып тұрған «Қазақстан» газетінен бастау алады. Бөкей ордасының Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин сынды біртуар қайраткерлері қолға алған газет патшалық дәуірдің өзінде қазақ халқын ағартушылыққа, отырықшылыққа, ең бастысы, ел болуға үндеген. Биыл «Жайық Пресс» ЖШС басшылығының қолға алуымен «Қазақстан» газетінің барлық он алты нөмірі табылып, басылым туралы мақала-зерттеулермен толықтырылып, кітап болып шықты.
«Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында газеттердің 94 жылдығына орай 16 қараша күні өткен басқосуда мемлекеттік саясатты жүргізуге үлес қосып отырған облыстық басылымдардың тарихи соқпақтары мен қазіргі таңдағы бағыт-бағдары әңгіме арқауына айналды.
Шара барысында «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әбіл Жоламановқа «Қазақстан» газетінің толық нөмірі түптелген тігіндісін табыс етті. Енді онымен музейге келген әр көрермен таныса алады.
Ж.Сафуллиннің айтуынша, бұдан былай облыстық газеттердің 95 жылдығына орай басылымдардың алғашқы нөмірлері, оны шығарушылар туралы деректер іздестіріліп, кітап немесе деректі фильм ретінде жарыққа шығатын болады.