Батыс Қазақстан облысы Құрбан айт мейрамын кеңінен атап өтпек

ОРАЛ. 23 қазан. ҚазАқпарат - 26, 27, 28 қазан күндері Батыс Қазақстан облысы күллі ислам әлемімен бірге Құрбан айт мейрамын кеңінен тойлайтын болады.
None
None

Бұл туралы облыстық орталық мешітте болған баспасөз мәслихатында айтылды.

ҚМДБ-ның өңірдегі өкіл имамы Бауыржан Әлиұлы мен оның орынбасары Ербол Құдабаев сөйлеп, алдағы мереке жайында қысқаша баяндады.

-Имамдардың пайымдауынша, Құрбан сөзі араб тілінен аударғанда, «жақындау» мағынасын береді. Яғни құрбан шалу арқылы кез келген мүмін бір Жаратушымызға жақындап, оның ризалығына қол жеткізеді. Біздің Әбу Ханифа мазхабында құрбан шалу - уәжіп (міндет). Құрбан шалу айт намазы оқылғаннан кейін үш күн бойы қараңғы түскенше жүзеге асырылады. Ал айт намазы биыл 26 қазан күні еліміздің барлық мешітінде таңғы тоғыз жарымнан бастап оқылуы тиіс. Ал қазіргі біреулердің айтып жүргеніндей, ішек берудің құрбан шалуға ешқандай қатысы жоқ. Мынаны қатаң ескеру қажет: құрбандыққа тек түйе, сиыр, қой мен ешкі шалынады. Жылқыны құрбан шалуға болмайды. Шалынатын қой-ешкі бір, сиыр екі, түйе бес жастан кем болмауы керек. Ірі малдың ұрғашысын, қой-ешкінің еркегін сойған ыңғайлы.

Сондай-ақ құрбандыққа шалынатын жануардың көзі соқыр, бір құлағы кем, құйрығы қысқа, арық және мүйізінің сынық болмауын ескерген дұрыс. Құрбандыққа шалынған малдың еті үшке бөлінеді. Өзіне, ауқатты не жарлы болсын көрші-көлеміне бөлініп, қалғаны кедей-кепшікке таратылмақ. Басы мен сирақтары, терісі не садақаға ұсынылып, не қолдан сатылса, түскен қаражаты міскіндерге беріледі. Егер өмірден өткен адамның өсиеті бойынша құрбан шалынса, оның етін ұрпағы немесе туыстары түгелімен садақаға таратып беруге міндетті. Олай болмаған жағдайда, иесі шалынған малдың етін пайдалана алады. Құрбан шалудың орнына ақша беруге болмайды. Қой-ешкіні жалғыз адам шалса, түйе мен сиырды жеті адамға дейін бірігіп союына рұқсат бар. Ірі малды егер жағдайы келсе, жалғыз адамның да құрбанға шалуына болады. Бір айта кетерлік жәйт, 26 қазан күні жергілікті уақытпен 15.00-де Орал қаласындағы қазақ драма театрында Құрбан айтқа арналған имани шара өтеді. Оған Алматыдан келетін әнші Сержанәлі Әлібек және жергілікті медресенің шәкірттері қатысып, Аллаһ пен сүйікті пайғамбарымызды мадақтаған ән айтып, өнер көрсетпек.

Өкіл имам сондай-ақ Құрбан айт алдында және сол күндері базарға мал шығарушылардан оның бағасын қолжетімді етіп, Аллаһтың сауабына қалуын сұрады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум