Батыс Қазақстан облысында 3 мың 672 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етілді
Бұл туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитеті таратқан ақпараттан мәлім болды.
Оралда энергетиктердің мәжілісі өтіп, онда Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен бірнеше ауданды қайта қалпына келтіру жұмыстарын қорытындылады. Аталмыш жиынға Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы Арман Тұрлыбек, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің сондай-ақ Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарындағы аумақтық электр жежілері компанияларының өкілдері қатысты.
Жедел мәліметтер бойынша, Тасқала ауданында - 420, Зеленов ауданында - 718 абонент электр қуатымен қамтылған. Сондай-ақ еліміздің энергетиктері қысқа ғана мерзім ішінде 4 мың 810 абонентті электермен қамтамасыз етті.
Естеріңізге сала кетейік, 13 сәуірдегі мәліметтер бойынша аймақта 5 мың абонент электрсіз қалған болатын. Қазіргі таңда апатпен күрес бригадалары Орал қаласындағы тағы 355 абонетке электр қуатын беру жұмыстарымен айналысуда.