Батыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайы тұрақталып келеді - ҚР ТЖМ
БҚО-да су тасқындары ағымдағы айдың басында басталды. Мыңдаған тұрғын үйлер, әлеуметтік және әкімшілік нысандар су астында қалды. Бірқатар аумақтарда электр жарығы, телефон байланысы және газбен қамтамасыз етуде қиындықтар туып жатыр. Онымен бірге, ішкі және сыртқы автожолдарды су шайып кетті. ҚР ТЖМ-ның ақпараты бойынша осы уақытқа дейін, су астында қалған елді мекендерден 9 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге шығарылды. Тасқындардың салдарын жою үшін үкіметтен 870 млн. теңге бөлінді.
«18 сәуірдегі жағдай бойынша, облыста су тасқыны жағдайы тұрақталып келеді. Жайық өзенінде су деңгейі тәулік ішінде 27 сантиметрге төмендеді. Осындай үдеріс Шаған мен Деркөл өзендерінде де байқалуда», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ТЖМ бөлімшелері Оралдың әлеуметтік нысандарынан суды сыртқа ағызу жұмыстарын жүргізуде. ТЖМ-ның Атырау облысы бойынша Судан-құтқару қызметі Зеленов ауданының Асан кентінде тексеру жүргізуде. Зеленов ауданының Чувашка кентіне дәрі-дәрмектер мен азық-түлік жеткізілді. Ал ҚР ТЖМ-ның Қызылорда облысы бойынша Оңтүстік өңірлік аэромобильді шұғыл-құтқару жасағы Орал қаласында су шайып кеткен Деркөл, Кумыска, Ветелки кенттерін тексеруде.
Онымен бірге, байланыс, газ және энергия жүйелерін қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Железново және Первосоветское кенттерімен байланыс орнатылды. Облыс орталығында болса, Кумыска және «Нива» шипажайына газ қайта берілді.