Батыс Қазақстанда 150 мыңға жуық жастар тұрады – А.Айтуев

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 14-29 жас аралығындағы жастар саны 149 595 болса, соның 72 522-сі Орал қаласында, 77 073-і ауылдық жерлерде тұрады.
None
None

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Азамат Айтуевтің айтуынша, биыл өңірдегі үш жоғары оқу орнын 8444 түлек тәмамдаса, соның 82 пайыздан астамын (7 мыңға жуығын) жыл аяғына дейін жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Арнайы орта оқу орындарын 7732 түлек бітіріп шықса, соның 60 пайыздан астамын (4,5 мыңдай адам) жұмысқа орналастыру көзделуде. Қазіргі кезде облыстағы үш ЖОО-да 17 мың студент оқыса, 38 колледжде 22 мыңнан астам шәкірт білім алуда. Жаңа оқу жылында ЖОО табалдырығын 7 мыңнан астам талапкер аттайды деп күтілуде. Аталған оқу орындарының барлығында, сондай-ақ 4 ірі кәсіпорында жастар ісі комитеттері жұмыс жасайды.

Облыста 88 жастар ұйымы болса, соның 63-і Оралда, 25-і аудандарда тіркелген. Дегенмен осылардың ішінде 49-ы ғана белсенді болып табылады.

Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік маңызы бар 54 жоба жүзеге асырылса, биыл оның саны 57-ге жетті. Осының 28-і БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы, 29-ы аудандар мен Орал қаласы әкімдіктері арқылы орындалмақ. Бұл жобалар, Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылғанындай, облыс жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша мәдени-көпшілік шараларды өткізуге және оларды әлеуметтік желілерде жариялауға бағытталған.

Өңірде «Жұмыспен қамту-2020», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», студенттік құрылыс және еңбек жасақтары сынды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Мысалы, жыл басынан бері 2436 жас жұмыспен қамту органдары арқылы жұмыспен қамтылса, соның 1094-і тұрақты еңбек орнын тапты, 809-ы қоғамдық жұмысқа тартылды, 206-сы кәсіби оқуға жолданды.

Жыл ішінде 508 жас «Жастар практикасының» шапағатын көрді. Жалпы, соңғы төрт жылда осы жобамен 5 мыңнан астам адам қамтылып, 1 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл осы мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 128,118 млн. теңге бөлініп, игерілуде.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес 326 маман (2013 жылдың қорытындысы бойынша - 528, 2014 жылы - 542 адам) ауылдық жерлерге аттанды. Бұл бағдарлама бойынша биыл 987,8 млн. теңге, соның ішінде 487 маманға көтерме жәрдемақы төлеу үшін 175,1 млн. теңге, 273 жасты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 812,7 млн. теңге қарастырылды.

«Жасыл ел» еңбек жасақтарының облыстық штабы мен студенттік құрылыс еңбек жасақтары жылма-жыл белсенді қызмет атқаруда. 2015 жылы «Жасыл ел» жобасын қаржыландыру үшін облыстық және қалалық бюджеттен 19,9 млн. теңге бөлінді. Ал еңбек құрылыс жасақтарына облыстық бюджеттен 4,0 млн. теңге берілді. Қазіргі кезде сегіз құрылыс нысанында 261 жас жұмыс жасауда. Студенттік құрылыс және еңбек жасақтары мүшелерінің санын 300-ге жеткізу көзделуде.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы бойынша 292 жас оқып шықса, соның 92-сі биылғы жылдың үлесіне тиеді.

Елбасы тапсырмасына сәйкес жастарды жұмыспен қамту ұдайы назарда. Осы мақсатта жуырда өңірдегі 28 кәсіпорын 800 бос орынға жәрмеңке өткізді. Мұндай шаралар түлектердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастар ресурстық орталықтарының қызметін ширату нәтижесінде 450 жас жұмыспен қамтылды, бұл мәселе бойынша барлығы 1500-ден астам адам жолықты. Оған қоса, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бірқатар іргелі кәсіпорындар және түрлі мекемелермен меморандумға қол қойды. Жұмыс берушілер тарапынан ұсынылатын бос жұмыс орындарын қамтитын «Жастар еңбек биржасы» атты жергілікті арнайы ғаламтор қорын құру ойластырылуда. Сонда әр жас үйден шықпай, өзіне қажетті жұмысты таңдай алады. Сол секілді алдағы қыркүйек айынан бастап қазіргі заманғы талаптарға сәйкес ақпарат алмасуды көздейтін «Жастар ғаламтор телеарнасы» жобасы жүзеге асырылмақшы.

Жастарды тұрғын үймен қамту бағытында да шаралар алынуда. Соның ішінде өзекті мәселенің бірі - жатақхана жетіспеушілігі. Биылғы қыркүйек айында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанында 300 орындық студенттер жатақханасы ашылмақшы. Қазіргі таңда студенттердің жатақханамен қамтылуы - 83 пайыз.

«Ең бастысы, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру үшін жастар да жұмыла еңбек етіп, еліміздің бүгінін бүтіндеп, болашағын айқындау жолында аянбай тер төгуі қажет», - деп түйіндеді ойын А.Айтуев.

Соңғы жаңалықтар
Референдум