Батыс Қазақстанда 248,1 млн. теңгеге 400-ге жуық ауыл жаңғыртылмақ

ОРАЛ. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының «Жергілікті өзін-өзі басқару» бағыты бойынша биыл қаржы өткен жылғыдан алты есе көп бөлініп отыр.
None
None

БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Саматовтың айтуынша, өңірдегі 400-ге жуық әлеуеті орташа және жоғары ауылдың бәріне 248,1 млн. теңге қаралып отыр. Бұл қаржыға ауылды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғаспақшы. Инженерлік құрылымдарды дамытуға 157,4 млн. теңге бөлінді. Ол Оралдағы №26 кәріздік-сорғылық желіден «Арман» ықшамауданындағы №10 орта мектеп маңындағы жаңа желіге дейінгі диаметрі 400 мм болатын құбыр желісін қайта жаңғыртуға жұмсалады. Сондай-ақ Карев, Елизаров көшелерінен Чагано-Набережная көшелеріне дейінгі жолдарды қайта жаңарту жұмыстары да жүргізілмекші.

Жергілікті өзін-өзі басқаруға қаржылық қолдау көрсетуге қаралып отырған қаржының біразы, яғни 43 млн. теңгесі Зеленов ауданына бөлінген. Осы қаражаттың есебінен ондағы 24 ауылдың күл-қоқысы шығарылып, көшелері жарықтанбақшы. Ақжайық ауданына аударылатын 32,3 млн. теңгеге де отызға жуық ауылдық округте осындай жұмыстармен қатар, балалардың ойын алаңын салу, мал моласын жайластыру және ауылдың ішкі жолдарын жөндеу істері де қаралған. Ал теректіліктерге бұйырғалы тұрған 30 млн. теңге жиырмадан аса елді мекенді жаңарту жұмыстарына жұмсалмақ. Биыл сондай-ақ Орал қаласының кенттік округтерінде де осы бағыттағы жұмыстар қолға алынбақ. Бұған қаралып отырған 2 млн. теңгеге жуық қаржыға Бортау және Серебряков ауылдарының жолдары ағымдағы жөндеуден өтіп, Деркөл кенттік округіндағы Маштаков ауылының көшелері самаладай жарқырайды деп күтілуде.

Аталмыш бағдарламаның «Жергілікті өзін-өзі басқару» бағыты бойынша өткен жылы республикалық бюджеттен 42 млн. теңге бөлінген еді. Ол қаржы ауылды абаттандыруға, жарықтандыруға, көгалдандыруға, күл-қоқысты шығаруға, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын жайластыруға және балалардың ойын алаңдарын салуға жұмсалды. Бұл соманың 91 пайызы игерілді. Ал инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша Ақсай қаласының кәріз жүйесін, облыс орталығының жолдарын, көшелерін, кәріз жүйелерін қайта құруға бағытталған 8 жоба іске асырылды. Бұған қарастылған 950 млн. теңгенің 96 пайызы игерілді.

Соңғы жаңалықтар