Батыс Қазақстанда 74 мыңнан астам зейнеткер тұрады
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Ділдәш Исқақованың айтуынша, соның 413-і - Ұлы Отан соғысы ардагерлері, 1632-сі - соларға теңестірілген тұлғалар, 33-і - майданда қаза тапқан сарбаздардың, 1008-і - қайтқан майдангерлердің жесірлері, 10704-і - тыл еңбеккерлері.
Биыл Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай 453 майдангерге жергілікті бюджет есебінен 16 млн. 370 мың теңге, соларға теңестірілген 340 адамға 3 млн. 426 мың теңге, майданда мерт болған 21 сарбаздың қосағына 210 мың теңге, ері қайтыс болған 582 жесірге 3,1 млн. теңге, 101 қаза тапқан жауынгер отбасына 840 мың теңге, 6197 тыл еңбеккеріне 19 млн. 103 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Мұның жалпы көлемі 43 млн. 58 мың теңгені құрады.
Ардагерлерге жергілікті бюджет және демеушілер есебінен басқалай да жәрдем беріліп келеді. Мәселен, Ақсай қаласында майдангерлердің қоғамдық көлікте тегін жүруі үшін демеушілер есебінен 1,5 млн. теңге бөлінген. Орал қаласы мен Бөрлі ауданында 352 майдангер мен соларға теңестірілген 1007 тұлғаға коммуналдық қызметті төлеу үшін жергілікті қазына есебінен 25 млн. 212 мың теңге берілген. Сондай-ақ 2382 зейнеткерге 40 млн. астам, 114 жесірге 1,9 млн. теңгеге жуық, 920 тыл еңбеккеріне 8,9 млн. теңгеге жуық тұрғын үй жәрдемақысы төленген. Жергілікті бюджет қаржысына 204 адам 13 млн. теңгеге «Ақжайық» шипажайында демалса, 51-і демеушілер есебінен 2 млн. теңгеге тынықты.
Жергілікті қазына есебінен мүгедек арбасын алуға 9 млн. теңге, санаторлық-курорттық емделуге 46 млн. теңге, сурдожабдықтарға 14 млн. теңге, тифложабдықтарға 11 млн. теңге, протез-ортопедиялық жабдықтарға 32 млн. теңге жұмсалды.
1 қазан мен 1 қараша аралығында өңірде өтіп жатқан қайырымдылық айлығы кезінде 11192 мұқтаж жанға 35,7 млн. теңгеге жуық көмек көрсетілді.