Батыс Қазақстанда 84 бұқаралық ақпарат құралы өз қызметін жүзеге асыруда
Облыстық ішкі саясат басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, биылғы тоғыз ай ішінде жаңадан алты газет тіркелген. Сондай-ақ жыл басынан бері төрт басылым қайта тіркеуден өтті. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің биылғы 6 қарашадағы бұйрығымен 41 БАҚ тіркеуден алынса, соның 34-і - баспалық, жетеуі - электронды ақпарат құралдары.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Марат Тоқжановтың сөзіне қарағанда, кейбір БАҚ басшылары «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның талаптарын толық орындай бермейді. Әсіресе, аталмыш заңның 10, 13, 14, 15, 16-баптарында көрсетілген талаптар жиі бұзылады. Яғни бас редакторлар газет-журналдардың Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі тіркеліміне сәйкес таралу аймағы мен таралымына, шығу жиілігіне, БАҚ-тың меншік иесі мен атауына қатысты өзгерістерді уақтылы көрсетпейді. Баспаханалық мәліметтердің толық берілмейтіндігін айтпағанда, тіпті қайта тіркелуді қажетсінетін фактілерге де көзжұмбайлықпен қарау баршылық. Сонымен қатар кейбір газет-журналдардың жарық көрген сандарының ҚР Парламентінің кітапханасы мен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдануы тиіс даналары дер кезінде жіберілмейді.
Өңірде ақпараттық саясатты сауатты жүргізуге ұйытқы болу мақсатында редакторлар кеңесін құру ойластырылуда.