Батыс Қазақстанда алдағы жылы 1300 орындық бес балабақша салу жоспарланып отыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық білім басқармасының бастығы Светлана Бисембаеваның айтуынша, сонымен қатар бос тұрған немесе бейімделген ғимараттарды күрделі жөндеу жолымен 1255 орындық 13 мектепке дейінгі мекемені іске қосу көзделсе, жалпы білім беретін мектептер жанында 1025 орындық 23 шағын орталық ашылады. 2010 жылы «Жол картасына» сәйкес Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылында 40 орындық балабақша ғимараты 50,616 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілмек. Жаңақала ауданы орталығында балабақшаны күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 33 млн. теңге бөлінсе, шағын орталықтарға 314,668 млн. теңге қаралды.
Өткен жылы өңірде 1640 орындық 16 мектепке дейінгі мекеме ашылса, биыл 1080 орындық 10 балабақша іске қосылды. Жыл аяғына дейін 740 орындық 7 балабақша және мектептер жанында 1414 орындық 69 шағын орталық пайдалануға берілмек. Қазіргі кезде мектептер жанындағы 36 мектеп-балабақша мен 168 шағын орталықта 3376 бала қамтылып отыр.
Күні бүгін облыс балабақшамен қамтылу жағынан (56,5 пайыз) Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе мен Шығыс Қазақстаннан кейінгі бесінші орында, республикалық көрсеткіш - 37 пайыз.