Батыс Қазақстанда Астананың 15 жылдығына арналған шаралар өтуде
Бүгін Оралда облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің залында волейболдан қыздар арасында халықаралық турнир басталды. 4 шілде күні Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Астана - асыл қалам» атты фотокөрме ашылып, «Астана - айбынды ақ ордам» слайд әңгіме, «Астана - бас қала» тақырыбында танымдық ойын өткізіледі. Мектеп лагерьлерінде, жазғы демалыс лагерьлерінде Астанаға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Ю.Гагарин атындағы кинотеатрда елордаға байланысты деректі фильмдер көрсетіліп, 5 шілде күні жастар шығармашылығы орталығында «Елімнің жүрегі - Астана» атты мерекелік концерт қойылмақ. 6 шілде күні осындай мерекелік бағдарламалар қалалық мәдениет және демалыс саябағында, Абай алаңында, «Атамекен» қалалық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығында, Жастар мәдениет үйінде жалғасады.