Батыс Қазақстанда ата-аналық құқығынан айырылушылар саны артып отыр

ОРАЛ. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ата-аналық құқығынан айырылушылар саны артып отыр.
None
None

Бұл туралы БҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында айтылды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2013 жылдың 1 тоқсанында ата-аналық құқығынан айыру бойынша 17 іс, оның ішінде ата-ана құқығын шектеу бойынша 4 іс аяқталса, 2012 жылдың екінші жартысында осындай 29 іс тіркелген, оның алтауы ата-ана құқығын шектеуге байланысты. Баланы асырап алу бойынша 28, соның ішінде шетелдіктердің асырап алуы бойынша 1 іс аяқталса, 2012 жылдың екінші жартысында 55 іс аяқталған. Бұл көрсеткіштер ата-ана құқығынан айыру санының артып отырғанын байқатады.

БҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Фарида Құрманова тәжірибеде «Неке және отбасы туралы» Кодексін қолдануда кейбір мәселелер туындап жататынын тілге тиек етті. Аталмыш Кодекстің 91-бабында бала асырап алу сәтінде өтелмеген соттылығы бар асырап алушыларға бала асырап алуға жол берілмейді делінген. Алайда, тәжірибеде бұл шектеулерге қарамастан, аталған тұлға жұбайына бала асырап алуға жазбаша түрде рұқсат беру арқылы бала асырап алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жерде соттылығы бар тұлғаның жұбайы 91-баптың 2-бөлігінде көрсетілген тұлғалар санатына жатпайды. Яғни, бала асырап алуға құқылы. Заң бойынша оның бала асырап алуына қарсылық жоқ деген сөз. Осылайша бала біреуінің өтелмеген соттылық мерзімі бар ата-ананың тәрбиесіне тап болады. Сот асырап алушының жұбайынан соттылығы туралы анықтама алмайынша оның қандай қылмысы үшін сотталғанын да білмейді. Ал, ондай адаммен бір шаңырақ астында өмір сүру баланың өміріне қауіпті еместігіне кім кепіл? Бұндай ата-анаға бала асырап алу тек шартты түрде қажет екендігі де ешкімге құпия емес. Отырыста басқа да түйткілді жайлар әңгіме арқауына айналды.

Дөңгелек үстелде бас қосқандар жетімдер мен қамқорсыз қалған балалардың тағдырына қатысты мәселе бір отырыста шешімін таппайтынын, ол үшін кем дегенде тоқсанына бір рет кездесіп және туындаған мәселені шешу үшін ішкі істер департаментінің, жергілікті әкімдіктің өкілдері қатысу керектігін айтты.

Соңғы жаңалықтар