Батыс Қазақстанда белгілі бапкер, спортшы Ж.Жәрдемовтің 60 жылдығы атап өтілді
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Ақжайық» спорт клубында мерейтой иесінің жүлдесі үшін 1994-1995 жылы туылған жастар арасында қазақ күресінен турнир ұйымдастырылды.
Аталмыш турнирге көршілес Атырау мен Ақтөбе облыстарының және Ақжайық, Бөкейорда, Бөрлі, Жаңақала, Зеленов, Қаратөбе, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау және Орал қаласының балуандары қатысты.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, академик Асхат Иманғалиев пен облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Тұрарбек Бекарыстанов мерейтой иесіне гүл шоқтары мен алғысхат табыс етіп, шапан кигізді.
1952 жылы Орда өңірінде дүниеге келген Жұбанышқали Жәрдемов 40 жылға жуық ғұмырын спортқа арнады. Кезінде аса жеңіл салмақта самбодан талай одақтық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап, КСРО спорт шебері атанды. А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетін 1977 жылы бітірген ол алғашқы еңбек жолын самбо күресі бойынша жаттықтырушы қызметінен бастады. Он жылға жуық уақыт талай жасөспірімді самбо күресіне баулыған Жұбанышқали Садырұлы 1986 жылы өзі білім алған жоғары оқу орнына ұстаздық қызметке шақырылды. Алғашында аталмыш институттың дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы, кейін дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2002 жылдан бастап, күні бүгінге дейін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Ақжайық» спорт клубын басқарып келеді. Жұбанышқали Жәрдемов баптаған Асқар Шайхиев пен Қоныс Жетпісов самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының жеңімпазы болса, тағы 6 шәкірті халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 25-тен астамы КСРО және ҚР спорт шебері атанып, үшеуі ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алды. Спорт саласына сіңірген еңбегі үшін Жұбанышқали Садырұлына 2005 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті атағы берілді. Және сол жылы ол Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері атанды.