Батыс Қазақстанда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша кезекті 12 жоба мақұлданды

Оның қатарында бағдарламаның бірінші бағыты юойынша өндірісті жаңғырту мен кеңейтуге бағытталған жобалар бар. Мәселен, «Park Hotel» ЖШС (қызмет түрі - туризм, қоғамдық тамақтандыру, мейманхана бизнесі) Орал қаласында демалыс пен туризм базасын жасақтауға мемлекеттік қолдауға ие болді. Оған өндірістік инфрақұрылым тартылатын болады. Жеміс-жидек өсірумен айналысатын «ОралАгроСервис» шаруа қожалығына да осындай қолдау көрсетілмек. Ол сорғы стансасын электр қуатымен жабдықтау үшін ВЛ-10 электр желісін тұрғызбақшы. Нан өнімдерін өндіретін «Исаев Х.Х.» жеке кәсіпкерлігі өнім өндіретін жабдықпен бірге жүк көлігін, нан өнімдерін тасымалдайтын көлік алмақшы. Кәсіпорын он жұмыс орнын ашпақшы. Өңірде басқа да жобалар жүзеге асатын болады.
Аталмыш бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері облыста 81 шағын және орта бизнес нысанына банктен несие алуда пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге мемлекеттен қолдау көрсетілді.
«Даму» қоры аймақтық филиалынан түскен мәліметке қарағанда, елімізде барлығы 1196 жоба бойынша келісім жасалса (несие қоржыны 238,469 млрд. теңге), соның 1089-ы - бірінші, 107-сі үшінші бағыт бойынша. Белсенді өңірлер қатарында Батыс Қазақстан облысы да бар.