Батыс Қазақстанда Бөкей хандығының 215 жылдығы аталып өтілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Бөкей хандығының 215 және Жәңгір хан мектебінің 175 жылдығы аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Осыған орай мерекелік шаралар алдымен Жәңгір хан іргесін қалаған білім ордасында басталды. Осында мектептің алғашқы меңгерушісі Константин Ольдекопқа арналған ескерткіш тақта ашылды. Содан кейін әр тараптан жиналғандар мектеп мұражайын тамашалады. Мектеп директоры Олжас Түсіпқалиевтің сөзіне қарағанда, бұл мұражай жәдігерлері мектептің 150 жылдығы тойланған 1991 жылдан бері жинастырыла бастаған. Биыл толықтырылып, қайта жаңғыртылып отыр.

null  

Содан кейін ауылдық мәдениет үйінде «Шежіре тұнған құт мекен» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Онда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ел тарихын түгендеу туған өлкеден басталатынын айтып, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген осынау шараның маңыздылығын атап көрсетті. 

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов өңір басшысы Алтай Көлгіновтің атынан құттықтап, игі тілегін жеткізді. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес, дегендей, бүгінгі таңда біз ұлттық таным-тарихымызды зерделеп, ертеңгі күніне нық қадам басқан тәуелсіз елміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кезінде тарихи Бөкей ордасына арнайы ат басын бұрып, елдің дәмін татты. Президенттің қолдауы арқасында аудан мен мектептің тарихи атауы қайтарылып, киелі орындар жаңғыртылды. Таудан аққан бұлақтың теңізге ұласатыны секілді, ата-бабаларымыздың ерлік дәстүрі мен елдік ғибраты бүгінгі буын бойынан табылып, жалғасып жатса, қандай ғанибет! Бөкей хандығының қос бірдей мерекесін атап өтудің де тәрбиелік, тағылымдық-танымдық мәні зор. Ұлы дала төсіндегі ерен еңбек көші тоқтамай, алға баса берсін. Мәңгілік елге бет алған жолда мақсат-мұратымыз да бір болсын», деді Д.Құсайынов.

null  

Конференцияда астаналық ғалым Ғизат Табылдин, Қазан қаласынан келген Маргарита Бадтрутдинова Шыңғыс хан шежіресі, одан тараған ұрпақтар, Қазан университетімен тығыз байланыста болған Жәңгір ханның ағарту саласына, ғылымға қосқан үлесі туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар басқа тарихшы-ғалымдар да Бөкей хандығына байланысты тың деректермен бөлісті.

null  

Ғылыми жиынды ұйымдастырған өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың айтуынша, конференцияға Қазақстан мен Ресей қалаларынан отыздан астам баяндама келіп түсіп, арнайы жинақ шығарылды. Мұндағы басты түйіннің бірі, Қазақстанның ағарту саласындағы алғашқы мекемесін Хан ордасында 1841 жылы 6 желтоқсанында Жәңгір ханның ашқаны ғылыми тұрғыда дәлелденді. Ал ханның өз ордасының негізін 1826 жылы қалағаны белгілі. Содан бері өркениетке бет бұрған бұл өңірден талай танымал тұлғалар түлеп ұшып, шын мәнінде тұңғыштар мекеніне айналды. Алдағы уақытта әр бес жыл сайын осындай жиын ұйымдастырып, Бөкей хандығының тарихи-мәдени мұралары мен табиғи ескерткіштерін зерттеу нәтижесінде «Бөкей ордасы энциклопедиясын» қайта бастыру көзделуде.

Мерейтойлық шаралар ақындар айтысы және мерекелік концертпен жалғасын тапты.

null null null  

Соңғы жаңалықтар