Батыс Қазақстанда боран соғып, көліктер мен адамдар қар құрсауынан шығарылды
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 13 ақпан күні түнгі сағат 22.00-де Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімшесіне Барбастау-Индер тас жолының Ақсуат ауылына жақын бөлігінде автокөліктердің жолдан тайып кетіп, күртік қарға батып қалғаны туралы хабар келіп түседі. Оқиға орнына дереу №27 өртке қарсы күрес бөлімінің кезекші қарауылы жіберіліп, 7 автокөлік пен 37 адам қар құрсауынан құтқарылды. Осы күні Орал-Атырау тас жолының Ақжайық ауданына қарасты бөлігінде «ГАЗель» және «Ауди-80» маркілі автокөліктер жолдан шығып кеткен. Аудандық №30 және №24 өртке қарсы күрес бөлімдерінің кезекші қарауылдары қос көлікпен қоса 6 жолаушыны қауіпсіз аумаққа шығарып, көмек көрсетті.
13 ақпаннан 14 ақпанға қараған түні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл көмек көрсету телефонына Орал қаласына қарасты Зашаған ауылының Қозы-Көрпеш көшесінде «Жедел жәрдем» көлігінің қалың күртікке батып қалғаны туралы суық хабар келіп түсті. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері жедел жәрдем көлігі мен алты адамды қар құрсауынан құтқарып алды.