Батыс Қазақстанда Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға барынша қамқорлық көрсетіле беретін болады

ОРАЛ. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Биыл 26 сәуірде Чернобыль атом электр стансасындағы дүлей апатқа 27 жыл толады. Ресми деректер бойынша осы апат зардабын жоюға КСРО бойынша 600 мыңнан астам, ал Қазақстаннан 32 мыңдай адам қатысқан. Олардың қатарында БҚО-дан 3 мыңға жуық адам болған.
None
None

Өңірде бүгіндері Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан 477 азамат өмір сүруде. Чернобыль апатының зардабын жоюға атсалысқан отандастарымыз ел үкіметінің арнайы қаулысымен әлеуметтік қорғалуға жататын санаттағы азаматтар қатарына енгізіліп, оларға заңға сәйкес әлеуметтік жеңілдіктер жасалып келеді.

Қазір Чернобыль, ауған соғысы ардагерлері Ұлы Отан соғысына қатысушылар мәртебесіне теңестіріліп, оларға «Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушылары және оған теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қорғау және жеңілдіктер туралы» ҚР заңына сәйкес арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Басқа да әлеуметтік жағдайлары шешілуде.

Облыстық «Чернобыль мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің кейбір мүшелері соңғы кездері Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған осындай жеңілдіктерге риза еместігін білдіріп, жергілікті билік басшыларына өздерінің талап-тілектерін білдіруде. Осыған орай облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Марат Тоқжанов, Орал қаласы әкімінің орынбасары Светлана Батырханова және кейбір облыстық, қалалық басқармалардың басшылары бір топ Чернобыль ардагерлерімен кездесіп, олардың талаптарын тыңдап, әңгіме өткізді. Ардагерлер билік органдарына Орал қаласында Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысқандарға арнап ескерткіш орнату, қоғамдық бірлестікке бизнеспен айналысу үшін жер телімін бөлу, жеңілдетілген несие беру, кеңсе және жеке тұрғын үй салу үшін жеңілдікпен жер телімін беру, коммуналдық қызмет түрлеріне ақы төлеуге және қаланың қоғамдық көліктерінде тегін жүруге жеңілдік жасау, тағы басқа да мәселелерді ұсынды.

Кездесу барысында тиісті мекемелер басшылары олардың ұсыныстары бойынша жан-жақты түсінік берді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, кез келген мәселені байыбына барып, өзара түсіністік жағдайда шешуге болатыны олардың қаперіне берілді.

- Чернобыль апатының зиян-залалын жоюға қатысқан барлық адамдар толықтай диспансерлік есепке алынды, оларға кезектен тыс қызмет көрсетіледі және дәрі-дәрмек тегін беріледі. Жылына екі рет профилактикалық ем қабылданады. Өкінішке орай, кейбіреулері емханаға келмейді. Сондықтан есептен шығарылады. Есепте тұрмағандарға тегін дәрі-дәрмек берілмейді. Осыны ескерулеріңізді сұраймын, - деді облыстық денсаулық басқармасы бастығының орынбасары Мәншүк Ақмұрзина.

Орал қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Айгүл Төкешева әлеуметтік қамту мәселелері бойынша түсінік берді. Мәселен, бүгінгі күні «ҰОС мүгедектері мен қатысушылары және оған теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қорғау және жеңілдіктер туралы» заңға және «Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңға сәйкес республикалық бюджет қаражатынан ҰОС мүгедектеріне теңестірілгендер - 12518 теңге, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер (чернобыльдықтар) - 10226 теңге, қайтыс болған тұлғалардың отбасылары - 7581 теңге ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады. Сондай-ақ қала әкімдігінің 2011 жылғы 3 наурыздағы «Азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік төлемдер жасау жөніндегі комиссия қызметінің ережесі туралы» №458 қаулысына сай қалалық бюджеттен қосымша ай сайын 2000 теңге ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға төленіп отырады. Сонымен қатар 2012 жылғы 17 шілдедегі күшіне енген Орал қалалық мәслихатының 2012 жылғы 28 мамырдағы №5-5 «Орал қалалық мәслихатының 2008 жылғы 2 шілдедегі №9-14 «Орал қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» шешіміне сай әр түрлі санаттағы азаматтарға мерекелік және атаулы даталарда бір мезеттік төлемдер төлеуге Ауғанстан соғысына қатысушылар мен мүгедектері және Чернобыль АЭС зардаптарын жоюшылар, сондай-ақ қайтыс болған тұлғалардың отбасылары да енгізілді. Оның мөлшері 10 мың теңге. Чернобыльдықтарға мереке қарсаңында осы мөлшерде жәрдем көрсетілмек.

- Ескерткіш орнату мәселесі тиісті орындармен келісілуде, бұл мәселе биыл шешіледі. Ал қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі қарастырылуда. Жолаушыларды тасымалдау мекемелерінің барлығы дерлік жеке. Сондықтан бұл мәселені әкімшілік жолмен емес, тура азаматтық көзқараста, өзара түсіністік жағдайда ортақ ұйғарымға келуді ұсынамыз. Жолаушы тасымалы мекемелерінің басшылары бұл ұсынысты қолдайды деп сенемін, - деді М.Тоқжанов.

Кейбір чернобыльдықтар көтерген тұрғын үй салуға жер телімін беру, пәтер кезегінде тұрғандарға жеңілдік жасау жөніндегі ұсыныстары тек ҚР Жер кодексі және «Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес шешілетіні, демек, жалпы кезек бойынша берілетіндігі түсіндірілді.

Соңғы жаңалықтар