Батыс Қазақстанда дәстүрлі «Достық» фестивалі басталды

ОРАЛ. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында дәстүрлі «Достық» фестивалы басталды.
None
None

Ашылу рәсімі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен аталмыш фестиваль биыл 14-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Облыс әкімі, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасы Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, айтулы шара аясында жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір, елімізді мекендеген сан алуан этнос өкілдерінің мәдениетін, өмір салтын, ұлтқа тән қасиеттерін тануға мүмкіншілік туады. Бұл фестивальдің маңызы өте зор. Бірлікті, ұлтаралық келісімді, достықты насихаттайтын фестиваль барысында биыл да көптеген іс-шаралар атқарылатын болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық 20-шы сессиясында Елбасы Н.Назарбаев Ассамблеяның орны туралы, «Қазақстан стратегиясы - 2050» бағдарламасын жүзеге асыру үшін халықтың бірлігі мен тұтастығы керектігін айта келіп, «бірлігі берекелі елдің ғана ырыс- несібесі көп болады» деген болатын. Тағдырдың жазуымен кезінде әр түрлі этнос өкілдері Қазақстанға келіп, бүгінде ұлпақтары өсіп, бір елде бір халық, бір тағдыр болып өмір сүріп келеді. «Экономикалық дамуымыз, халықаралық аренада алған орнымыз еліміздегі тұрақтылықтың, елімізді мекендеп жатқан сан түрлі ұлт өкілдерінің өзара түсіністігі арқасында деп түсінеміз. Солай бола беруі де тиіс», деді әкім.

Бұдан соң облыс басшысы еліміздегі сан ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруіне еңбек сіңіріп жүрген облыстағы ұлттық- мәдени орталықтар өкілдерін марапаттады. Атап айтқанда, Ғ.Тоқай атындағы музей директоры Марат Багаутдинов, «Яик» фольклорлық-этнографиялық казак орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Комарова, «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Наджаб Мәмедов «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталса, «Ламед» еврей этномәдени бірлестігінің төрайымы Ольга Дергачева, БҚО корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Анатолий Ким, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Данильбек Саратов, Зеленов ауданы этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрайымы Вера Шохина Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медаліне ие болды.

Фестивальдың шымылдығын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерінен құралған «Арна» би тобы ашып, қазақ, орыс, украин, корей, молдаван әндеріне, түрлі халықтық билерге ұласты.

Аталмыш фестиваль жыл бойы мекемелерде, оқу орындарында, ауыл, аудан, қалада өткізіліп, ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс орталығында гала-концертпен қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар