Батыс Қазақстанда Дүниежүзілік кітап пен авторлық құқық күні атап өтілді

ОРАЛ. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Дүниежүзілік кітап пен авторлық құқық күніне орай шаралар ұйымдастырылды.
None
None

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Мұхтар Әуезов атындағы қоғамдық қор өткен жылдың қыркүйек айынан биылғы тамызға дейін қазақ әдебиеті алыбының шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында «Мұхтар Әуезовты оқимыз» халықаралық іс-шарасын жариялаған еді. Осыған орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бастамасымен 23 сәуірде Дүниежүзілік кітап күні аясында түрлі шаралар өтті. Мәселен, облыстық кітапхана шараны жерлес ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткішінің жанында өткізсе, қалалық орталықтандырылған кітапхана оны Абай алаңында ұйымдастырды. Іс-шараға оқырмандар, балалар мен жасөспірімдер, студенттер, кітапхана мамандары, ұстаздар қатысты. Олар Мұхтар Әуезовтың шығармаларынан үзінді оқып, ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын тілге тиек етті.

Ал бір күн бұрын облыстық кітапханада «Библиотүн -2013» зияткерлік бос уақытты ұйымдастыру әлеуметтік-мәдени іс-шарасы өткен болатын. Мұнда облыстық кітапхананың үш қабаты «Әдеби шаңырақ», «Библиокафе», «Кітапханалық Арбат» болып бөлініп, онда ақын-жазушылармен кездесулер өтіп, интерактивті шолулар мен байқаулар ұйымдастырылды. Түрлі көрмелер, «Оқырман мен кітапхана» тілектер мен пікірлердің ақпараттық маңдайшасы және басқалары да келушілер назарынан тыс қалған жоқ. «Күндіз болмаса, түнде оқы!» шарасына да қызығушылық танытқандар аз емес. Сондай-ақ «Бір ел - бір кітап - 2013» іс-шарасы аясындағы бүкіл ел болып оқуға таңдалған қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың «Дауа» лирикалық жыр кітабына арналған әдеби кеш те оқырман назарына ұсынылды.

Осындай шаралар облыс аудандарында да өткізілді.

Соңғы жаңалықтар