Батыс Қазақстанда екі жол апатынан үш бірдей жас адамның ғұмыры үзілді

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, тамыздың 11-інде Орал-Атырау күре жолының Чапаев ауылы тұсында «Ниссан-Премьера» көлігінің 26 жасар жүргізушісі рульге ие бола алмай, автомашина аударылды. Соның салдарынан 27 жасар жолаушы қаза тапса, басынан әрі омыртқасынан жарақат алған 21 жасар қыз бала Чапаев ауруханасына жатқызылды.
Тамыздың 14-інде Зеленый ауылының тұсында Переметный-Цыганов жолымен кетіп бара жатқан «БМВ» автокөлігінің 27 жасар жүргізушісі де рульге ие бола алмады. Соның салдарынан жүргізуші мен 24 жасар қыз Переметныйдағы аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, ажал тырнағынан аман қала алмады.
Өткен аптада сондай-ақ бірнеше ұрлық, екі бірдей әйел зорлау фактісі тіркелді. Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында Қазақстан аумағына заңсыз енген өзбекстандық екі азамат ұсталса, Орал қаласында 29 жасар ер адам 0,11 грамм героинмен қолға түсті.