Батыс Қазақстанда ел аумағында болу заңдылығын бұзған бір топ өзбек азаматтары ұсталды

Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, жедел алдын алу іс-шарасы барысында Зеленов ауданына қарасты Мичурин аулында заңсыз еңбекпен айналысып жүрген өзбек азаматтары анықталды. Сондай-ақ Орал қаласына қарасты ескі әуежай ауданында да 3 өзбек азаматы заңсыз еңбек етіп жүрген жерінен құрықталды.
Аталған шетел азаматтарының бұл әрекеттері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 394-бабының 3-бөлімі талаптарын бұзушылық болып табылады, яғни миграциялық карточкада тіркеу кезінде көрсетілген мақсаттары іс жүзінде соған сай келмейді.
Заң бұзғандарға тиісті шара қолданылады. Сонымен қатар шетелдіктерге заңсыз жұмыс ұсынғандар да жазадан тыс қалған емес. Оларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 396-бабының 1-бөлімі бойынша 2 әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 51 930 теңге (30 АЕК) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Көші-қон полициясының деректері бойынша жыл басынан бері 182 хаттама толтырылған, алыс және жақын шетелден келген 118 адам, заңсыз жұмыс беру кәсібімен айналысқаны үшін 24 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылған.