Батыс Қазақстанда электр желілерін жаңғыртуға 220 млн. теңге жұмсалды
Компания электр қуатын бақылау және есепке алу департаментінің директоры Рүстем Майрановтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде электр желілерінің орташа тозуы 78 пайызды құрайды. Сондықтан қатты жел тұрып, қалың қар жауып, мұздақ болған кезде тозған желілер жиі үзіледі. Осыны болдырмау мақсатында компания арнайы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Биыл аталған қаржыға «Қазақстан-Успенов» бағытында ұзындығы 22,3 км, Орал қаласында 7,67 км электр желілері қайта құрылды. Сонымен қатар «Переметный», «Чапаев», «КС-3» подстансалары жаңғыртылып, 2012 жылдан бері электр қуатын бақылау және есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Бұл жүйені енгізуге жыл сайын 50 млн. теңге бөлінеді. Оралда аталмыш жүйемен барлық 14, сондай-ақ Тасқала ауданында «Тасқала», Ақжайықта «Чапаев», Ақсай қаласында «Юбилейная» подстансалары қамтылған.
Электр қуатымен қамту саласын жаңғырту бағытында өзге де жұмыстар атқарылуда.