Батыс Қазақстанда электронды қызметті пайдаланушылар аз болып отыр
Аталмыш департамент бастығының орынбасары Гүлдана Суханованың төрағалығымен өткен жиында сала мамандары азаматтық хал-актілерін электронды түрде тіркеу арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тәртібін түсіндірді.
Қазіргі уақытта АХАТ қызметі кеңейтіліп, неке қию мен некені бұзуды тіркеуге, азаматтық хал актілерінің тіркелуі бойынша куәліктер мен анықтамалар беру және ресми құжаттарды апостильдеуге (құжатқа қол қойған адамның қолын және оның өкілеттігін, мөр немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растау) ғаламтор арқылы өтініш беруге мүмкіндік бар. «Облысымызда былтыр тек 3 электронды өтініш тіркелсе, биыл бұл қызметті 117 адам пайдаланды», - дейді БҚО әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қою қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Гүлжамал Лұқпан. Мекеме шарламай, ғаламтор арқылы шаруасын үйінде тындырып отырғандардың дені қалалықтар екен. Жоғарыда айтылған 117 өтініштің 12-сі Бөрлі, 5-еуі Ақжайық, 4-еуі Тасқала ауданынан түскен. Басқа аудандардан жаңа технологиялық қызметті пайдаланушылар некен-саяқ. Аталмыш жүйе шалғай аудан тұрғындарына өте қолайлы ойластырылғанымен, ауыл-аймақтың аталмыш қызметті қолданбауы сала мамандарын ойландыруы тиіс. Еске сала кетейік, www.e.gov.kz электронды үкімет порталының қызметтерін пайдалану үшін азаматтар бір жылға жарамды электронды сандық қолтаңбасын алуы қажет.
Жиында биылғы жылдың қаңтарынан бастап елімізде қолданысқа енгізілген «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстегі өзгерістер де әңгімеге өзек болды. Осы Кодекстегі 283 баптың 110-ында жаңалық бар дейді мамандар. Атап өтсек, бала асырап алуды жүзеге асыру бөлігіне өзгерістер енгізіліп, бала асырап алушының құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілген. Сондай-ақ бала асырап алуға рұқсат етілмейтін тұлғалардың тізбесі кеңейтілген. «Ерлі-зайыптылық» ұғымы енгізіліп, «патронат (тәрбиеге алушы отбасы)», «ата-анасы бас тартқан бала», «жетім бала», «суррогат ана» сөздеріне жаңа анықтамалар берілген. Баланың аты-тегін алу мәселелері нақтыланды. Мәселен, биылға дейін сәбиге қосарланған есім беру мәселесі нақтыланбай келіп еді. Енді заң бөлек жазылған екі сөзден аспайтын қосарланған ат беруге рұқсат етеді.