Батыс Қазақстанда «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» форумы қорытындыланды

Аталмыш шараның мақсаты - отандастарымыздың тағдыры арқылы елдің жетістіктерін паш ету, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу. Форумға жиналғандар елдің тәуелсіздік алғалы қолжеткен жетістіктерін, бастан өткерген түрлі кезеңдерін ел тарихының жарқын беттерін парақтаған «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» атты бейнебаяннан тамашалады.
Форумда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелдік сарапшылар көп этникалы, көп конфессиялы Қазақстан ішкі жанжалдан ыдырап, болашағы алысқа бармайды деп болжам жасап, сәуегейлік пікір айтқан болатын. Көп ұлтты халқымыз ынтымақ, бірлік, тұтастық болған жағдайда келешек жарқын болатынын ұқты. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген қағиданы берік ұстап, бірлігін танытты. «Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы халық сенімін ақтап, елді осы күнге жеткізді. Қазақстан - әлем елдері қауымдастығында беделді орынға ие. Бұл - Елбасы мен оны қолдаған халықтың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Өткен аптада болған Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясында Президентіміз еліміз «Бір халық - бір ел - бір тағдыр» қағидасымен ғана дамиды деген болатын. Соны берік ұстануымыз керек. Елбасы саясаты жолында барынша күш жұмсайық!» - деді әкім.
Соғыс және еңбек ардагері, Орал қаласының құрметті азаматы Хамза Сафин жастарға ізгі тілегін білдірді. «Назарбаев орталығының» өкілі Артур Неғметов сөз кезегін алып, елдегі атқарылған қыруар істерге тоқтала отырып, елдің әр азаматын патриот болуға шақырды.
-Менің де тағдырым елімнің тағдырымен байланысты. Менің атам Нұрмұқан көп жыл облыстық газеттің редакторы болды, қаламы қарымды журналист еді. Нағашы атам Ихсан Батыс Алашорданың басындағы жеті тұлғаның бірі болды. Олардың аманат сөздерін өміріме негіз етіп келемін. Соңғы буын ұрпақ, сіздер бақыттысыздар! Өйткені жас мемлекеттің қалыптасуындағы қиындықтар біздің көз алдымызда өтті. Сол жылдары көптеген отандастарымыз үкіметке алақан жаймай, өз бетінше еңбектене бастады. Солардың бірі - Орал-Атырау тас жолының бойына алғаш кәсібін бастаған Васильевтер отбасы. Олардың ықпалымен біз де отбасымызбен тас жолдың бойынан «Кездесу» атты дәмхана аштық. Арбамен отын-су, азық-түлік тасыдық. Ошақ жағып, жолаушыларға ұлттық тағамымыздан дәм таттырдық. Түрлі ұлт өкілдеріне еш қиындыққа мойымай, өзіміздің кім екенімізді таныттық, - деді бүгінде кәсібі өрге домалаған кәсіпкер, БҚО "Заман" өндірушілер қауымдастығының төрайымы Айгүл Түркина.
Отан алдындағы борышын Семей полигонында өтеген, бүгінде «БҚО Семей ядролық полигонының мүгедектер қоғамының» төрағасы Мағжан Бейсенғалиев Елбасының ядролық қарудан бас тартқан шешімін әлем мойындағанын тілге тиек етті.
БҚО кәрістер қауымдастығының төрағасы Максим Пак бір кездері тағдыр айдауымен қасиетті қазақ жерінен дәм бұйырған кәрістердің бүгінде алтыншы буыны тамырын жайған Қазақстанды өз аналарына теңейтінін тебіреніспен жеткізді. "Біз қазақстандық кәрістер Қазақ елінің болашағы үшін аянбай еңбек етеміз. Бұған бізге "Қазақстан азаматы" деген зор абырой дем береді" - деді ол.
-Менің спорттағы жолым да елімнің тағдырына тікелей байланысты. Ауылда өстім, қарадомалақтармен бірге шаң жұтып, асыр салып ойнадым. Бірақ ойын қумай, ой қуып, алдыма үлкен мақсат қойдым. Елімнің мәртебесін асқақтатсам деген арман алыстан қол бұлғады. Аянбай еңбектенуге, биік белеске талпынуға тура келді. Жастарға ұстамды, сабырлы болуды тілеймін. Болдым, толдым деу жарға жығады. Үнемі ізденіс, талап, еңбек жетістікке бастайды. Бойымда күш-жігер, қолтығымнан демейтін елім барда әлі де биік шыңдарды бағындырсам деген арманым бар. Елім барда ешқашан аласармаймын, себебі елімнің тағдыры - менің тағдырым! - деді самбодан төрт дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров.
Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Биғали Қайсар өз қатарластарының арман-мақсатын жеткізіп, қазіргі мектеп оқушыларының заманға сай білімді, дені сау, өр, елжанды болып өсіп келе жатқанын, ел келешегіне өз тағдырына сияқты жауаппен қарайтындарын жалынды сөздермен айтты. Елдегі әрбір жағдай оның азаматтарының тағдырына тікелей әсер ететініне тоқталған Теректі ауданының мәслихат депутаты, "Шарақат" шаруа қожалығының басшысы Абат Жаңазаров өзінің өмір белестерін елдің өткенімен сабақтастыра баяндады. Ұлты беларус, қазақшаға судай М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенті Ольга Рапацкая оқу орнындағы түрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан «Достық» клубының жұмысын баяндап, оның мүшелері - әр түрлі ұлт өкілдері өз тағдырларын ел тағдырынан бөлек қарай алмайтындарын, ортақ үйдің амандығы жолында аянбай еңбек етуге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді.
Жүректерге жалын берген патриоттық шарада жастар «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» деп бірауыздан ұрандап, жергілікті өнерпаздар туған жер мен елге арналған әндер шырқады. Жиын соңында облыс әкімі форум спикерлеріне алғысхат табыстады.