16:08, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда еңбек нарығын дамыту үшін қосымша бөлінген қаражат жұмсалатын болады
ОРАЛ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстанда еңбек нарығын дамыту үшін қажетті мүмкіндіктер бар, оған қосымша бөлінген қаражат жұмсалатын болады.
Бұл туралы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол үшін, біріншіден, коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру және жаңғырту қолға алынады. Бұл ? сумен, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәріз сулардың нысандары мен желілері. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Біржан Қанешевке, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына, Орал қаласы және аудан әкімдеріне сәуірдің 10-ына дейін осы мақсатқа кететін қажетті шығындарды, жұмыс көлемін, нысандар тізімін анықтау тапсырылды. Сәуір айының 17-сіне дейін еңбек ресурстары мен кадрларды қайта даярлау қажеттілігін, сонымен қатар Орал қаласы мен аудандар көлемінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын дамыту мен қайта жаңғырту үшін қажетті қызметтер, жұмыстар мен тауарларға сұраныс анықталмақ. Басқарма басшылары осы жұмыстарды қаржыландыруды ғана емес, сонымен бірге бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің пайдалануын қатаң бақылайтын болады.
«Екіншіден, бұл - жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, ең алдымен мектептер мен ауруханаларды жөндеуден өткізу. Бұл маңызды жұмыстарды біз «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірігіп атқаратын боламыз. Ол халықтың барынша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Мәселенің қаржылық жағы ? Үкімет пен облыс әкімінің құзырында», деді облыс басшысы.