Батыс Қазақстанда энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда

РАЛ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде осы мақсатта Орал қаласы іргесіндегі Новенький ауылында қуаты 54 МВт газтурбиналық электр стансысы салынуда. 385 млн. кВт/сағат электр, 375 мың Гкалл жылу қуатын өндіретін стансы құны инженерлік желілерді қосқанда 10,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны «Гидромаш-Орион» ИК» ЖШС жүзеге асыруда. 6450 млн. теңгені «Қазақстан даму банкі» АҚ, 3465 млн. теңгені БҚО әкімдігі қаржыландырса, 300 млн. теңге - аталмыш кәсіпорынның өзінікі.

Құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылып жатқан стансының қуаты 18 МВт болатын бірінші генераторын биылғы шілденің 1-інде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы сәуір айында Ресейдің Лысьва қаласынан ТГ 20 маркалы екі турбогенератор, Украинаның Запорожьесінен КУВ 30 маркалы қос қазандық, сондай-ақ Қазаннан НК 16-18СТ маркалы газтурбиналық двигательдер әкелінбек. Ал қосалқы технологиялық жабдықтармен Орал қаласындағы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ қамтамасыз етпекші.

Электр және жылу желілерінің құрылысы «ҚПО б.в» компаниясы қаржысы есебінен салынбақшы. Сыртқы желілерді жобалауға жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге бөлінген. Мемлекеттік сараптамадан өткен жылу желілері құрылысының құны 1150,2 млн. теңге болса, электр желісін тарту 2197,336 млн. теңгеге түспек.

Стансы іске қосылған кезде елу шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылып, болжам бойынша Ресейден алынатын электр қуаты төрт-ақ пайызды құрап, қалғаны өңірде өндірілмек. Сонымен қатар Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігі, жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандар газтурбиналы электр стансысы бөлетін жылумен қамтылмақ.

Болашақта Теректі ауданынан немесе Орал қаласы маңынан (газ құбыры бойынан) қуаты 100 МВт болатын тағы бір газтурбиналы стансы салу көзделіп отыр. Сонда облыс көрші елге электр қуаты тәуелділігінен біржола құтылмақ.

Соңғы жаңалықтар