18:10, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда халықты жұмыспен қамту бағдарламасы мен «Жол картасы» жүзеге асырылуда
ОРАЛ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында бұрын қабылданған тұрақтандыру шараларына қосымша ретінде Елбасының тапсырмасына сай өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясы іске асуда.
Бұл туралы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жол картасына» сәйкес облысқа 4 млрд. 176 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерін қайта жаңғырту және дамытуға 1 млрд. 798 млн. теңге; жолдарды жөндеу, қайта жаңғырту және салуға 800 млн.теңге; мектеп, ауруханаларды, басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу және жылытуға 1 млрд. 578 млн. теңге бөлініп отыр. Дәлірек айтқанда, 739 млн. теңгеге 17 білім беру нысаны, 509 млн. теңгеге 6 денсаулық сақтау нысаны, 330 млн. теңгеге 13 мәдениет нысаны жөнделетін болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісуімен облыс әкімдігі мен салалық министрліктер арасында «Жол картасының» негізгі бағыттарын іске асыру жөнінде келісімге қол қойылды.
Қазіргі уақытта аталған жұмыстарды жүргізуге конкурстар жариялау, мердігерлермен шарттарға қол қою жөніндегі шаруалар атқарылуда, маусым айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталатын болады.
Бұл жобаларды іске асыру тек құрылыс саласында 8,8 мың жұмыс орнын ашуға ықпал етпек. Халықты жұмыспен қамту бағдарламасы мен «Жол картасына» сәйкес 2009 жылы 18 мыңнан аса, соның ішінде мақсатты топтар үшін 3 мыңнан аса әлеуметтік жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.