Батыс Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық азаймай отыр
Бұл туралы облыстық білім басқармасында өткізілген арнайы кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық білім басқармасының бастығы Светлана Бисембаева, облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манарбек Ғабдуллин және басқалар жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты болдырмау үшін бірлескен түрде нақты шаралар алу қажеттігін атап көрсетті. Облыс мектептерінің барлығында сенім жәшіктері бар. Ал Орал қаласындағы №10 және №34 орта мектепте бейнебақылау камералары орнатылған. Мұндай бақылау құралдарын басқа мектептерде де орнату көзделіп отыр. Соған қарамастан, жасөспірімдер арасындағы қылмыс тыйылмай отыр. Мәселен, кәмелетке толмағандар арасында бір-бірін тонау, топтасып қылмысқа бару, тіпті есірткімен жүретіндері кездеседі. «Мектептегі құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында тек үш күннің ішінде құқық бұзушылыққа барған 598 жасөспірімнің 504-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.