Батыс Қазақстанда қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 6 наурыз күні Тасқала ауданы аумағында болды.
Сағат 09.03-те Орал-Саратов жолының 82-шақырымында автокөліктің жол жиегіне түсіп кеткені жөнінде хабарланған.
Тасқала аудандық ТЖ бөлімі және №15 өрт сөндіру бекеті қызметкерлерінің күшімен «Фольксваген-Транспортер» автокөлігі қардан тазартылған жерге шығарылды. Автокөлікте болған 8 адамның біреуі – бала. Олар медициналық көмекті қажетсінбеді.

«Қазіргі таңда ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс аумағында республикалық маңызы бар Самара-Шымкент және Орал-Атырау жолдарында жүк және тасымал көліктері үшін қозғалыс шектелді. Сонымен қатар республикалық Орал-Тасқала, облыстық маңызы бар Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы және Үлкен Шаған-Переметный жолдары жабық. Осыған байланысты тұрғындардың алыс жолға шықпаулары сұралады», деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Рашид Блялов.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көктайғаққа байланысты жолдар жабылғанын жазған болатынбыз.