Батыс Қазақстанда Кеңес Одағының Батыры А.Хұсайыновтың атында қос бірдей мектеп бар
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тарихи Хан ордасында 1924 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы мектеп бітірген ол он сегізге толар-толмастан майданға аттанды. Бұлар Астраханнан Қалмақ қырына, одан Дондағы Ростовқа қарай асты. «Кемедегінің жаны бір» деген, қазақ жігіті, әсіресе, ұлты орыс Николай Шашкинмен тез тіл табысып, достасып үлгерді. Жұрт шаршап келе жатса, бұлар әзілдесіп, ән бастайды. Орысша әндер таусылса, қазақшаға көшеді. Оған басқаларды күлдіртіп, Николай да қосылады. Бір үзілісте батальон командирі, майор Савин жолдастарының көңілін көтергені үшін достарға алғыс жариялады. Жұбы жазылмайтын қос жігітке жауынгерлік тапсырмалар да жиі жүктелетін. Бірде олар «тіл» алып келсе, енді бірде 82-миллиметрлік минометтен жаудың атыс нүктелеріне оқ жаудыратын.
Көп ұзамай рота командирі, капитан Н.И.Садовников Ахмедиярды өзіне байланысшы етіп алды.
1943 жылғы қыркүйектің 26-сында әйгілі Мелитополь операциясы басталды, оның маңызы ерекше еді. Өйткені Мелитопольді Қырымға кіреберістегі және Днепрдің төменгі ағысындағы темір қақпа ретінде санаған гитлершілдер қаланы қайткенде де бермеуге жанталасты.
-Бір қарасақ, қаланың шетінде жатыр екенбіз, - деп еске алып еді бұдан жиырма бес жыл бұрын Ахмедияр аға жорық жолдары жөнінде - Сосын тағы да шабуылға көтерілдік. Бір көшені босатып алғанда, ротада жиырма шақты адам ғана қалыпты. Енді лейтенант Коропетян бастаған он төрт адамнан екпінді топ құрылып, оған алдымызда көрініп тұрған екі үлкен үйді алып, соған бекінуді тапсырды. Екпінді топ түске дейін ұрыс жүргізді, содан соң екі арада хабар үзіліп қалды. Сонда Николай Иванович Садовников бізді тағы да жинап алып, «Екпінді топқа негізгі күш келгенше шегінбеу туралы менің бұйрығымды жеткізіп, қару-жарақ апару керек. Кәне, кім барады?» деді. Айтуын айтқанмен, көзі менде тұр. «Мен барамын!» деп екі адым алға шықтым. Ол болса, «Ахмет! Ахмет! Менің де сенен күткенім осы еді!» деп арқамнан қақты. Мен қанаттанып кеткендей болдым.
Сержанттар М.Афанасьев пен Л.Фомичев оқ атып, жауды өздеріне қарай алаңдатып тұрған сәтте Ахмедияр лып етіп жүгіре жөнелді. Біресе ордың ішімен жүгірді, біресе еңбектеп алға жылжыды. Әйтеуір жетті. Екпінді топтан жалғыз сержант Н.Т.Шашкин ғана аман қалған екен, үш жауынгер жаралы. Командир бұйрығын естігеннен кейін Николай оған: «Ал, досым, не көрсек те, бірге көреміз!» деді. Сәлден кейін-ақ фашистер кезекті шабуылға шықты. Ержүрек екі дос оқты жаңбырша жаудырып, жауды баудай жусатты. Екі-үш сағаттан кейін тағы да шабуыл, тағы да тойтарыс. Күн кешке ауды. Гитлершілдер ызаланып ентелей түскенмен, қайта кері шегінді. Осы сәтті пайдаланып, сержант үш жауынгерді демеп алып шықты да, Ахмедияр жалғыз қалды. Сәлден кейін алапат соққыдан теңселіп кеткен ол тез есін жинап, жақындап қалған жауға гранаталарды бірінің соңынан бірін лақтырып, ордан атылып шықты. Ет қызуымен байқамаған екен, кішігірім өзеннен өткен мезгілде аяғы ауырғандай болды. Қараса, оқ өкшеден тиіпті де, бәтеңкесі бауына ғана ілініп келе жатыр екен.
Бұдан кейін ауыр жараланған А.Хұсайыновты сержанттар Н.Шашкин мен М.Афанасьев санитарлық бөлімге жеткізді. Достар қимай қоштасты.
Әуелі қалалық госпитальда ота жасатқан Ахмедияр сосын Душанбе қаласында емделді. Осында 4-Украина майданының сол кездегі командашысы Ф.И.Толбухиннен құттықтау хат алып, өзінің КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы қарашаның 1-індегі Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанын білді. Н.Шашкиннен хат алған ол досына да осындай жоғары атақ берілгеніне шексіз қуанды.
Емделгеннен кейін запасқа шыққан А.Хұсайынов 1944 жылдың көктемінде туған жерге оралды. Батырды бүкіл ауыл болып құрметтеп қарсы алды. Үйге келсе, бұл шаңыраққа да қайғы бұлты төніп өткен екен. Әкесі, байырғы колхозшы Дәулен Магнитогорск металлургия зауытында жұмыс істеп жүрген-ді, сол қыста науқастанып қайтыс болыпты. Қайран әке ұлының Батыр болып оралғанын көре алған жоқ. Анасы Рысқаным болса, ұлының аман келгеніне шүкіршілік етті.
Көп кешікпей Алтын Жұлдызды жігіт Алматыға, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы алты айлық курсқа жолдама алды. Бұдан кейін ҚазПИ-дің тарих факультетін 1949 жылы бітірген ол Қазақстан ЛКСМ ОК насихат бөлімінің нұсқаушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясы тарих, археология, этнография институтының кіші ғылыми қызметкері болып еңбек етті. Әйтсе де соғыс салған жарақат қайта мазалап, 1956 жылы Фурманов ауданындағы Жұлдыз орта мектебіне директор болып келді. Ал 1958-1972 жылдары майдангер аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, содан кейін үш жыл аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жемісті еңбек етті. Кеңес дәуіріндегі жоғары награда - Ленин орденімен марапатталуы да соған дәлел.
Ардагер қан майданда бірге болған қаруластары Амур облысынан Михаил Романович Алешков, Владивостоктан Андрей Петрович Сердюк және басқаларынан көпке дейін хат-хабар алып тұрды. Ал ленинградтық досы, Кеңес Одағының Батыры Николай Тимофеевич Шашкиннің орны мүлде бөлек еді. Ол жары, медицина қызметкері Раиса Васильевнамен бірге батысқазақстандық досымен ұдайы хабарласып, Ахмедиярдың сәл сырқаттанып қалғанын естісе, дәрі де жіберіп тұратын. Сол науқас ақыры алып тынды. Атағы жер жарған ер болса да, байсалды ғұмыр кешкен Батыр 1986 жылы небәрі 62 жасында көз жұмды. Дегенмен, «Орнында бар оңалар», ерден тараған сегіз бала ел қатарлы ғұмыр кешуде. Орал қаласында тұратын кенже ұлы Ерсайын Дәуленнің айтуынша, әке аты үнемі ардақталып келеді. Бүгінде Орал қаласындағы, сондай-ақ Жалпақтал мен Сайқын ауылдарындағы орталық көшелердің бірі Батыр есімімен аталады. Туған жері Бөкей ордасы ауданында Мұратсай ауылындағы орта мектеп А.Хұсайынов атында. Сондай-ақ Қазталов ауданы Қарасу ауылдық округіндегі бір кезде өзі басшылық еткен орта мектепке де ер есімі берілген. Ахмедияр Хұсайынов батырмын деп масаттанбайтын, кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге қалдыра білдірген азамат еді. Батыр қай уақытта да құрмет төрінен түспек емес.