Батыс Қазақстанда «Көктем-2010» командалық-штабтық жаттығулар өтіп жатыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтің қатысуымен өткізілген төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жөніндегі облыстық комиссия отырысында мәлім етілгеніндей, жаттығуға 817 адам, 169 техника қатысуда. Өңірде су тасқынының алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді. Осы мақсатта бірінші кезектегі шараларға облыстық бюджеттен 13,2 млн. теңге қарастырылды. Мұз кептелген жағдайда оны жару үшін шарттық негізде «Азимут энерджи сервисез» ЖШС бригадасы тартылды, Ми-8 тікұшағы мен санитарлық АН-2 ұшағы, апаттың салдарын жою және өрт сөндіру пойыздары да дайын. Жанар-жағар майдан да қажетті қор жасалды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қадыр Бисембаевтың айтуынша, «Көктем-2010» жаттығулары наурыздың 3-4-інде де жалғаспақ.