13:14, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда көктемгі егістің аяқталуына орай сабантой ұйымдастырылды
ОРАЛ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Теректі ауданы Юбилейный ауылында көктемгі егістің аяқталуына орай сабантой ұйымдастырылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сабантойға «Ибрагим» ЖШС (басшысы Қамбар Махметов) демеушілік көрсетті. Киіз үйлер тігілген ашық алаңқайға жиналған жұртшылық концерттік бағдарламаны тамашалап, күрес, волейбол, дойбы сынды спорт түрлерінен өткен жарыстарды тамашалады. Әсіресе, түрлі қашықтықтағы ат бәйгесі ерекше тартысты өтті.
Шараға қатысушыларды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбеков, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Абат Шыныбеков құттықтап, ауыл шаруашылығы саласына бұдан былай да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Биыл Батыс Қазақстанда жаздық дақылдар егу жоспары 109 пайызға орындалды.