Батыс Қазақстанда қос компания өндірістік үй құрылысы комбинатын салуға ниеттеніп отыр
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзіне қарағанда, өңірде екі бірдей компания өндірістік үй құрылысы комбинатын салмақшы. Оның біріншісі - «Болашақ-Т» ЖШС. Бұл компания 4,9 га жерге өндірістік үй құрылысы комбинатын салуды жоспарлауда. Оның қуаттылығы жылына 50 мың шаршы метр болмақ. Бұл аймаққа автокөлік жолдары мен теміржол торабы жақын орналасқан. Сондай-ақ өңірдегі «СВ-плюс» ЖШС де өндірістік үй құрылысы комбинатын тұрғызуды қолға алды. Өндіріс орнының құрылысы үшін кәсіпорын өз иелігіндегі 3 га жер теліміне қосымша тағы 6 га жер сатып алды. Аймақтың инфрақұрылымы қалыпты, яғни газ бен су құбырлары жүргізіліп, электр желісі тартылған. Аталған аймақтың өз теміржол торабы бар. Керамзитті қиыршық құм өндірумен айналысатын «Тоқсай» АҚ-ын «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына беру мәселесі де қарастырылуда. Жоспарға сәйкес өндірістік үй құрылысы комбинаты алдағы жылдың шілде айында пайдалануға берілуі тиіс. Ағымдағы жылдың 15 маусымында облыс әкімдігі мен аталған компаниялар арасында белгіленген жұмыстарды өзара ынтымақтаса атқару жөніндегі меморандумға қол қойылды.