Батыс Қазақстанда қымыз бен шұбат өндіруге ерекше көңіл бөлінбек

ОРАЛ. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстанда қымыз бен шұбат өндіруге ерекше көңіл бөлінбек. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өткізілген кеңесте айтылды. Онда қымыз және шұбат өндірудің бүгінгі жәй-күйі мен оған жаңа технологиялар тарту ахуалы кеңінен талқыланды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бастығы Қали Ақонның айтуынша, биыл мал шаруашылығының өнімділігін арттыру және сапасын жақсарту мақсатында алғаш рет қымыз бен шұбатқа мемлекеттік көмекқаржы қарастырылып отыр. Атап айтқанда, өңірде қымыз өндіруге 3 млн. 106 мың, шұбат өндіруге 70 мың теңге көмекқаржы қаралған. Мұндай қаржы мөлшері, әрине, аз. Өйткені қазір облыста қымыз өндіруге 10, шұбатқа 2 шаруашылық қана тапсырыс беріпті. Дұрысында Ақжайық атырабының қымыз бен шұбат өндіруде пайдаланылмай жатқан әлеуеті зор. Қолында 500-1000 жылқы және 100-250 түйе ұстайтын шаруашылықтар да бар.

Ендігі мақсат - тек қымыз және шұбат өндірумен шектеліп қалмау. Елбасымыз Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауынан және ел Үкіметінің таяудағы қаулысынан туындайтын міндет - азық-түлік өнімдерін өңдеу, ішкі тұтынымға, қала берді экспортқа шығару екеніне баса назар аудару қажет. Көмекқаржы да енді өндірушіге емес, өндіргеннен соң, өңдеп, тауар ретінде нарыққа ұсынатындарға берілмек. Бұл - көмекқаржы берудегі қойылар талаптың бірі. Егер өндірістік негізде қымыз бен шұбат өндіру ауқымы ұлғайса, жыл ішінде көмекқаржыны көбейтуге мүмкіндік бар. Өңделіп, нарыққа шығарылатын қымыз бен шұбаттың әлемдік талаптарға сай сертификаты болуы тиіс. Бұдан келіп, қымыз және шұбат өндіру мен өңдеу ісін ұжымдастыру, орталықтандыру жәйі туындайды. Өндіріске жаңа технологиялар енгізу, оны өңдеп, нарыққа ұсыну үшін қымыз бен шұбат өндірушілер кооперативке бірігулері қажет.

Жиында қымыз бен шұбат өндірудің негізгі бағыттары, өндірісті механикаландыру мен селолық тұтыну кооперативін құру жөнінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, атбегі Алтай Зинуллин де өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар