Батыс Қазақстанда қысқа дайындық жұмысы тиянақталып келеді

ОРАЛ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қысқа дайындық жұмысы тиянақталып келеді,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, жаз бойы облыс көлеміндегі барлық мекемелер ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жылу жүйелері тексерілген. Биыл білім берудің 40, денсаулық сақтаудың 11, мәдени саланың 22 нысанына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, 45 жылу қазандығы қалпына келтірілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 6685,0 миллион теңге бөлінді, оның ішінде 2319,8 миллион теңге «Жол картасы» бағдарламасы бойынша берілді. Бюджеттік мекемелерді жылыту үшін барлығы 20,8 мың тонна көмір мен 4,3 мың тонна сұйық отын қажет болса, қазір 15,3 мың тонна көмір мен 1,4 мың тонна сұйық отын жеткізіліп, арнайы қоймаларда сақталуда. Яғни 541,9 миллион теңгеге отын сатып алынды. Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек және Қазталов аудандарының әлеуметтік мекемелері көмірмен толықтай қамтамасыз етілген. Мекемелер мен кәсіпорындардан басқа қаладағы 1159 және Ақсай қаласындағы 113 тұрғын үйді де жылдың салқын мезгіліне дайындау қажет. Бекітілген кестеге сәйкес коммуналдық қызмет көрсету мекемелері инженерлік-коммуникациялық жүйені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.

Облыс көлеміндегі білім беру саласының нысандары қысқа дайындық жұмысын тамыздың 25-іне дейін аяқтады. Қалған мекемелер жоспар бойынша аталмыш жұмысты қазанның 15-іне дейін толық бітіріп, дайындық төлқұжатын алуы тиіс.

Биыл Бөкей ордасы мен Қаратөбеден басқа аудандардың 17 мектебі күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Қаратөбе, Теректі және Шыңғырлау аудандарының кейбір мектептерін жылыту мерзімі басталғанша газ жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қаладағы 45 мектеп пен 43 балабақша және 8 мектептен тыс ұйым да қысқа дайындық жұмысын толық аяқтап, арнайы құжат алды. Биыл қала мектептерін ағымдағы жөндеу жұмысына 31 937 мың теңге және балабақшаларды қалпына келтіру жұмысына 27720 мың теңге бөлініп, қаржы толық игерілген. Бөлінген қаржыға қаладағы барлық мектеп пен балабақшалардың жылу жүйелері тазартылып, электр есептегіштері тексерілді, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында шаралар жүргізілді. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша №1 орта мектеп пен №3 «Елочка» балабақшасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәлімет бойынша биыл 11 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылданған болатын. Аталмыш мақсатқа бөлінген 1 514,9 миллион теңге белгіленген нысандар мен Бөкей ордасы, Жәнібек және Шыңғырлау аудандарының орталық ауруханасы қазандықтарын жөндеуге жұмсалды. 1937 тонна қатты отын мен 275 тонна сұйық отын қоймаға тасылды. Енді отынның қалған 15 пайызы таяуда жеткізіледі. Биыл Сайқын, Қаратөбе, Сырым аудандық орталық ауруханалары мен Сырым аудандық туберкулезге қарсы ауруханасы, Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылындағы дәрігерлік амбулатория қазандықтары газға қосылуда. Бүгінгі таңда Чапаев, Сайқын, Жәнібек, Дариян, Жалпақтал ауылдарындағы ауруханалар мен Тасқала ауданындағы емхана және «Мейірім» облыстық мамандандырылған балалар үйінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқтала келді. Сондай-ақ облыстық психикалық денсаулық орталығының №3 корпусы мен асхана, шаруашылық бөлімдері, облыстық онкологиялық диспансердің радиологиялық корпусы және №1 қалалық емхана күрделі жөндеуден өтіп, жақында пайдалануға берілді. Қаладағы және облыс көлеміндегі барлық денсаулық сақтау нысандарының жылу жүйелері тексеріліп, тазартылды.

Облыс көлеміндегі басқа сала мекеме-ұйымдары да қысқа дайындық үстінде.

Соңғы жаңалықтар