Батыс Қазақстанда мәслихат депутаттары тұрғындар алдында есеп беруде

Аталмыш жиындарда халық қалаулылары жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасаса, тұрғындар қала, ауыл-аймақтың өзекті мәселелерін көтеруде. 11 наурыз күні облыстық мәслихат депутаты Бекет Мырзахметов пен Орал қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Бақтияр Круглоозерный кенттік округінде болып, орындалған істер мен алда тұрған міндеттерді тұрғындармен бірге талқылады. 12 наурыз күні облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» депутаттық фракциясының жетекшісі Бауыржан Тұманов, Зеленов аудандық мәслихатының депутаттары Бейбіт Асанов, Светлана Голубева, Елена Киянская Мичурин ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Мұнда да шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер баршылық. Соның бірі Мичуринді Зеленов ауданынан Орал қаласының қарамағына беру болса, орта мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр, амбулатория, балалар бақшасы жоқ. Су құбыры, газ, электр желілері жетпеген үйлер бар, көшелерге жолдар төселмеген, бұрыннан бары күрделі жөндеуді қажет етеді. Көп қабатты үйлерде кәріз жүйесі жұмыс істемейді.
Облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшардың айтуынша, депутаттардың тұрғындармен кездесуі осы айдың аяғына дейін созылмақ. Онда көтерілген мәселелер жинақталып, мәслихат сессияларының күн тәртібіне ұсынылмақ.