Батыс Қазақстанда мәслихат хатшылары, «нұротандық» басшы қызметкерлер бас қосты
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен семинар-кеңесті Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев ашып, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар баяндама жасады.
Бүгінде жергілікті органдар «Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға 2009 жылғы ақпан айында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сүйене отырып, қызмет атқарып келеді.
2012 жылғы 28 қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы» бекітілгені белгілі.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жергілікті өзі-өзі басқаруды дамытудың, жергілікті дамудың барлық мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейтудің маңызы зор», деп атап өткен болатын. Ұлт көшбасшысының тапсырмасына сәйкес мемлекетімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданып, ол құжатта жергілікті халықтың өміріне тікелей әсер ететін көптеген мәселелер айқындалды.
«Өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру мен жүзеге асыруда бүгінгі күні бірқатар проблемалар орын алып отырғаны жасырын емес. Әрине, бұларды шешу ұзақ мерзімді қажет ететіні белгілі. Тіпті, әлемнің дамыған елдерінің өзінде мұндай үрдіс бірнеше онжылдықтарға созылып, жергілікті өзін-өзі басқару үлгісін жетілдіре түсуге ұмтылып келеді. 2007 жылы Конституцияға жергілікті өзін-өзі басқаруды халық тікелей, сондай-ақ мәслихаттар мен басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асыратындығы айқындалған толықтырулар енгізілді. Заңнамада әкім мемлекеттік басқару функциясымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын да жүзеге асыратыны, жергілікті деңгейдегі мәселені талқылау үшін жергілікті бірлестіктердің тікелей ерікті жиналыстарын өткізуге болатыны белгіленді.
Осыған сәйкес ауылдық, кенттік округ әкімдеріне бірқатар міндеттер жүктелді, бірақ қаржылық жағы бұрынғыша, қалдық қағидаты бойынша қамтамассыз ету болып қалды. Яғни бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге жергілікті әкімдерді қабілетсіз етіп, тұрғындар тарапынан объективті наразылық тудырып келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан бұл мәселені шешуге өткен жылдан бастап «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешу үшін өңірлерді қолдау тетігі қолға алына бастады. Бұл жердегі ең бастысы, жергілікті маңызы бар іс-шараларды іріктеу мен алынған қаражатты бөлу кезінде сол жердің тұрғындарының пікірлері ескерілуі қажет», - деді Мәлік Иманқұлұлы өз баяндамасында.
Тұжырымдамада оны іске асыру мақсат-міндеттері, іске асыру кезеңі және күтілетін нәтижелері нақты айқындалған. 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес, еліміздегі жалпы саяси жүйені жаңғырту үдерістері ұдайы жалғасатыны сөзсіз. 2020 жылға қарай Қазақстанда өкілдік биліктің маңызы арта түседі, үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жергілікті өзін-өзі басқару және азаматтық қоғамның тиімді институттары құрылады деп күтілуде.
Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін екі кезең белгіленіп отыр. Бірінші кезең (2013-2014 ж.ж.) - басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту; екінші кезең (2015-2020 жылдар) - жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту. Осындай іс-шаралар ойдағыдай жүзеге асырылғанда ғана нақты билік берілген жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті маңызы бар әртүрлі мәселелерді, оның ішінде халық мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге қабілетті болмақ.
Баяндамашы жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру үшін ҚР өңірлік даму министрлігі жасаған жоспарлармен таныстырып, заң жобалары күшіне енген соң тұжырымдаманы жүзеге асырудың алғы шарттары қаланатынына сенім білдірді.
Семинар-кеңесте «Орал қалалық мәслихатының жұмыс тәжірибесі туралы» қалалық мәслихат хатшысы Абат Шыныбеков, «Сырым аудандық мәслихатының іс-тәжірибесі туралы» аудандық мәслихат хатшысы Әнуарбек Ғалымов және басқалар сөз алып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Семинарға «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары Аққали Әубәкіров қатысты.
Жергілікті мәслихат аппаратының қызметкерлері мен «нұротандықтар» осылайша іс-тәжірибе алмасты.