Батыс Қазақстанда майдангерлерге құрмет көрсетілуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шыңғырлау ауданының әкімі Марат Тоқжанов соғыс және еңбек ардагері Рашид Ахмеровті 84 жасқа толған туған күнімен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Он жеті жасында 1943 жылы өз еркімен майданға аттанған Р.Ахмеров соғыстан кейін де 1950 жылға дейін әскерде қызмет етті. Елге оралғаннан кейін 35 жыл бойы автокөлік жүргізушісі ретінде абыроймен еңбек етті.
Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы ашық есік күнін өткізіп, осы шара кезінде ауыл тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Хасановқа құрмет көрсетілді.
Аудан әкімдігінде Жеңістің 65 жылдығына орай құрылған жұмыс тобының кезекті отырысы өткізіліп, онда әзірлік барысы пысықталды. Отырыс барысында Қазталов ауданы әкімі Есентай Қалиев Бірік ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бораш Малаевтың соғыс кезінде Украина жерінде қаза тапқан әке қабірінің басына барып келуге облыс басшысынан көмек сұрағанын айтып, соған байланысты облыс әкімдігі тарапынан арнайы бөлінген қаражатты ардагерге табыс етті.
Осындай шаралар Орал қаласы мен басқа аудандарда да жүргізілуде.