11:52, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді
ОРАЛ. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ -Елбасымыз мемлекеттік органдардағы қызметшілердің халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеруі мен оның қолжетімділігі турасында алдымызға міндет қойды.
Осы орайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша басқармасы мен облыстағы тәртіптік кеңесі өкілетті органдармен бірлесіп, өңірде бірқатар жұмыстар тындырып келеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне облыстық тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Мирболат Нұртазин мәлім етті.
Оның айтуынша, облыстық тәртіптік кеңес өз құзырына сәйкес отырыстарында мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдауды тәжірибеге енгізді. Ол есептерде басшылардың мемлекеттік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлермен жүргізетін жеке тәрбие жұмысына талдау жасалып, сапалы мемлекеттік қызмет көрсету амалдарына көңіл бөлуі қаралады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасына сәйкес өткен жылы білім саласының мекемелері, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде тексерулер жүргізілді. Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің өз жұмыстарын қызмет көрсету стандарттары талаптарына сәйкес ұйымдастыра бастағаны байқалады. Ал осы бағыттағы жұмыстар Тасқала, Ақжайық аудандарында әлі де жетілдіруді қажет етеді.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы, облыс әкімдігі және басқа да құзыретті органдармен бірігіп облыс орталығында, аудандарда, басқа да елді мекендерде тұрғындар үшін қойылған электрондық қызметке кіру қондырғыларының қоғамдық пункттерінің жұмыстарына сараптама жасалды. Облыс бойынша осындай 57 пункт болса, оның 8-і облыс орталығында жұмыс істейді. Аталған пункттердің көпшілігі «Қазпошта» ғимараттарында, әкімшілік және басқа да халықтың көп жиналатын орындарында қойылған. Бір айтар кететін жайт, тұрғындар әлі де болса ондай қондырғыларды қолдануға жете көңіл бөлмей келеді. Себебі жаппай оқу ұйымдастырылып жатса да, олардың компьютерлік біліктіліктері төмен.
Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында олардың мемлекеттік органдарда туындау себеп-салдарларын айқындау мақсатында облыс орталығында және Тасқала, Ақжайық аудандарында «Әкімшілік тосқауылдарды жою, азаматтардың сапалы мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Осындай шараны Қазталов, Сырым аудандарында да өткізу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда алаңдатып отырған бір мәселе - кейбір мемлекеттік мекемедегі мемлекеттік қызметшілердің ауысуы пайыздық өлшеммен салыстырғанда республика деңгейінен асып кеткен. Мысалы, ондай жағдай қалалық әкімдікте және кейбір ауданда байқалады.
Өңірде мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын таба беретін болады.