Батыс Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күніне орай кешенді шаралар ұйымдастырылып отыр
Облыстық ішкі істер басқармасының бас маманы Дәурен Ақмұрзиннің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, бүгін қалалық әкімдікте мемлекеттік нышандар жөніндегі комиссия отырысы болса, ертең Абай алаңында «Менің Қазақстаным» атты жастар іс-шарасы өткізілмек. Маусымның 4-інде сондай-ақ танымдылық бағдарлама, викторина, тәрбие сағаттары да ұйымдастырылмақ. Д.Ақмұрзиннің айтуынша, мемлекеттік рәміздер қоғамның саяси мәдениетінің бөлігі ретінде рухани мәдениетті дамытуға және еліміздің тәуелсіздік идеяларын орнықтыруға ықпал етеді. Сондықтан да Елбасы отандастарына арнаған биылғы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауында «Қиындық атаулыны жеңетін бір күш бар, ол - бірлік», «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы кеңес дәуіріндегі басқа түскен үлкен нәубет жылдарында да өзінің елдігін ынтымақ пен бірліктің арқасында сақтай білді. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде мен туған халқымның ынтымақ пен ауызбіршілік танытарына сенемін», - деп атап көрсетті.
Қазақстанның, рас, мемлекеттік рәміздерді қолдану саласында тәжірибесі көп емес. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың дамыған әлемдік тәжірибесін, әсіресе, мемлекеттік рәміздерді көптен бері қолданып келе жатқан елдердің дәстүрін зерттеу және қолдану маңызды. Қазіргі таңда елді мекендеріміздің келбетіне қарасақ, басқа мемлекеттерден бір айырмашылығымыз, өкінішке орай, біздің мемлекеттік туымыз өте сирек қолданылады. Мысал үшін Түркия мемлекетін алсақ, онда кез келген бұқаралық жиналыста Түркияның жүздеген туы желбіреп тұрады. Ендеше, жаңадан қабылданған «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңда Мемлекеттік ту басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша көтерілуі (тігілуі) мүмкін делінген. Олай болса, қала және аудан-ауылдардың зәулім ғимараттарында, көрнекі жерлерде, мысалы, ірі демалыс орындарында, саябақтарда, сол сияқты қала және аудандарды жалғап жатқан автожолдардың кіреберісі мен шығаберісі қақпаларында Мемлекеттік туымызды неге желбіретпеске. Алыс-жақын шет елдерден келген қонақтарымыз елге келгенде ең бірінші туымызға зер салады. Сондықтан Мемлекеттік ту ? көк байрағымызды мүмкіндігінше көбірек орнатуымыз қажет-ақ. Заңда Туды, Елтаңба мен Әнұранды дұрыс қолданбағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген бап та бар. Бұл, әрине, азаматтардың рәміздерге деген құрметін күшейте түспек. Жеке мекемелерді айтпағанның өзінде, кей жағдайларда мемлекеттік мекемелер ғимаратының төбесінде тігілген Тудың түсі бозғылт тартып, оңып кеткенін, ұстынына оралып, желбіремей тұратынын да көзіміз көріп жүр. Мұндай мысалдарды банктер мен қонақүйлердің алдынан кездестіруге болады. Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы тұрақты түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау мен азаматтардың бойында мемлекеттік нышандарға деген құрмет сезімін қалыптастыру бағытында кешенді шараларды іске асырып келеді. Маңызды мемлекеттік міндеттің бірі - өскелең ұрпақты еліміздің қасиетті рәміздеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу. Тарихты және мемлекеттік нышандардың мәнін білу жас ұрпақтың танымы мен сауаттылығын арттырады. Бұл өңірдегі барлық білім беру ұйымдарының бағдарламасына енгізілген. Облыс көлемінде мемлекеттік нышандарды дәріптеуге арналған түрлі ауқымды шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жоспарлы түрде өткізіліп келеді. Қазіргі таңда облыстағы барлық аудан аумақтарындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік рәміздерді қолдану тәжірибесі өңір азаматтарының оған деген құрметінің артқанын көрсетеді. Іс жүзінде барлық әкімшілік ғимараттар мен мекенжайлар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен және Елтаңбасымен безендірілген. Мемлекеттік Гимн де түрлі салтанатты жиындар мен іс-шараларда міндетті түрде орындалады. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жаңа сапалық деңгейге көтеруге толық мүмкіндік бар. Елбасы биылғы Жолдауында дағдарыстың өткінші құбылыс екенін, ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы секілді құндылықтар мәңгі қалатынын мәлімдеп, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін қалпына келтіріп, кең ауқымды шараларды өрістетіп, барынша дайындықпен бару қажеттігін атап айтты. Олай болса, Мемлекеттік туымыз ? еліміздің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмысын айқындайтын рәміз.