Батыс Қазақстанда «нұротандықтар» құрылыс барысына бақылау жасауда

Мәселен, «Нұр Отан» ХДП Жәнібек аудандық филиалы мен партияның бақылау комиссиясының және Тау, Қамысты ауылдарындағы үш партиялық бекеттің ұйытқы болумен аталған ауылдарда күрделі жөндеу және құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға бақылау жұмысы ұйымдастырылды.
Партиялық бақылау тобының алдымен келіп тоқтаған жері аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан Тау ауылындағы И.Жұмаев атындағы елді мекен болды. Бұл күндері осындағы бастауыш мектепке «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының 4-ші бағыты бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мектепті жөндеуден өткізуге облыстық білім басқармасы арқылы 5 миллион 32 мың теңге қаржы бөлінген. Нысанды күрделі жөндеу жұмыстарын Айболат Аяпов жетекшілік ететін «Жәнібек транссервис» ЖШС қолға алған. Елді мекендегі бастауыш мектептің күрделі жөндеуіне партиялық бақылау жасайтын бекеттің жетекшісі Рәзия Сариеваның айтуынша, мектеп ғимаратының ішінде шағын орталық та қоныс тепкен. Шағын ауылда соңғы жылдары басқа жерге көшіп кетушілердің қатары саябырлап, тұрғындардың тұрақтана бастағаны байқалады. Содан да болар, бала саны жылма-жыл артып келеді.
«Ғимаратты күрделі жөндеу биылғы 13 шілдеде басталды. Бұл құрылыста барлығы 5 адам жұмыс істесе, соның 4-уі осы елді мекеннен жұмысқа тартылған. Мектептің іші-сырты бірдей жаңартылады. Сырты жаңа силикат кірпішпен қапталып, қазіргі заманға сай терезелер орнатылады. бұрын көмір мен тезек салып жағылатын пеш енді электр жүйесі арқылы жылытылатын болады», - дейді Р.Сариева.
Қамысты ауылында қос қабатты мектеп бой көтеруде. Ауылдағы жаңа нысанның құрылысын партиялық бақылау бекетінің жетекшісі Тоқтаған Үмітаева ғимараттың іргетасы биыл сәуір айының аяғынан қалана бастағанын айтады. Мектеп құрылысын Армат Әлімбетов басқаратын Оралдағы «Азиятехстрой» құрылысшылары жүргізуде. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сай мектеп құрылысына облыстық құрылыс басқармасынан биылға 253 миллион 013 мың теңге қаржы қаралып отыр.
«Нысанның құрылысы келесі жылы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі. Жаңа мектепті 100-ге жуық құрылысшылар салуда. Соның ішінде осы Қамысты ауылынан 45 адам жұмыспен қамтылып отыр. Еңбек ақылары 35-60 мың теңге аралығында. Қазір мектептің 2 қабаты да бітіп тұр. Енді төбесін жабуды бастаймыз. Нысанның ішін әрлеу үшін сылақшылар келді. Екі-үш күнде бірінші қабаттың сылақ жұмыстарын бастаймыз. Бірер күннен кейін есік, терезе қондыруға Оралдан құрылысшылар да келмек. Құрылыс материалдарының барлығын да облыс орталығынан алып жатырмыз», - дейді аталмыш ЖШС-нің учаске мастері Анарбек Сахипов.
Оның сөзіне қарағанда, болашақта жаңа мектептің ішінде спорт және акт залдары, асхана, душ, әжетхана болатын көрінеді. Оқу орнының төбесі профлистпен жабылып, айналасы қоршалмақ. Күні бүгін ғимарат жертөлесінің (подвал) ішкі жұмыстары толықтай аяқталған. Жаңа нысанға табиғи газ, ауыз су құбырлары тартылып қойылған. Бу жіберетін қазан қондырылатын орын да салынып, дайын тұр.
Тау ауылындағы Ғ.Абдуллин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп жанындағы интернаттың күрделі жөндеу жұмыстарын аудан орталығындағы «Символ» ЖШС (басшысы Ескендір Елемесов) құрылысшылары биыл маусым айының ортасында бастапты. Бұл нысанға да «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының төртінші бағытына сәйкес облыстық білім басқармасы 35 миллион 421 мың теңге бөлген. Аталған мектеп жанындағы интернаттың күрделі жөндеу жұмыстарына партиялық бақылау бекетінің жетекшісі Серік Қарабалиннің берген мәліметіне қарағанда, жұмысы қызу жүріп жатқан ғимараттың ішінде асхана және 3 душ кабинасы, 2 әжетхана орналасатын болады. Барлығы 48 балаға лайықталып салынатын 12 жатын бөлменің ішін әрлеу жұмыстары аяқтала келген. Бүгінгі таңда интернатты жөндеумен 30-ға тарта құрылысшылар айналысса, соның 8-і Тау ауылындағы жұмыссыз жүрген адамдар санатынан болып табылады.
Аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Айдар Жұманиязовтың сөзінше, Тау ауылдық округіндегі И.Жұмаев атындағы елді мекендегі бастауыш мектепті күрделі жөндеу таяу күндері, дәлірек айтқанда, 17 тамызда аяқталса, аталмыш ауыл орталығындағы орта мектеп жанында орналасқан интернат шамамен тамыз айының 25-іне дейін қалпына келіп, жаңарып, дайын болады деп күтілуде.