Батыс Қазақстанда өрт қаупі сейілмей тұр

ОРАЛ. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында өрт қаупі сейілмей тұр. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасының бастығы Жарқын Фазылов мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, департаментке өрт оқиғасына қатысты тәулігіне 20-30 хабарлама келіп түседі. Әсіресе, биыл даланың отқа шарпылуы былтырғы жылмен салыстырғанда үш есеге ұлғайған. Жыл басынан бері 645 оқиға тіркеліп, 1355 гектар алқапты өрт шалған. Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарында 9 дала өрті тіркелген. Тамыздың 13-14-інде Сырым ауданына қарасты Бұлдырты ауылы бағытында дала отқа оранды. Аудандық төтенше жағдай және өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары мен техникасы, сондай-ақ еріктілер жасағы жұмылдырылып, әрең дегенде, тілсіз жау ауыздықталды. Қазір оқиғаның себептері мен шығын көлемі анықталуда.

Ала жаздай тамшы тамбаған дала қазір түгел қурап тұр. Күннің көзінен де, темекінің тұқылынан да қызыл жалын өңмеңдей жөнеледі. Жуырда Қазталов ауданының Болашақ ауылдық округіндегі Қамай бөлімшесінде 480 орама мал азығы өртенді. Талдысай ауылының тұсында «Құлагер» шаруа қожалығының үйіліп тұрған 180 тонна пішені тілсіз жаудың құрсауында қалды. Онысы аздай, тоғыз электр желісінің бағаны да отқа оранды. «Жаз басында аудандық электр желісі тораптарының басшыларына өздеріне қарасты электр бағандарының айналасын қопсытып, сақтық шараларын алуды тапсырған едік. Әйткенмен, кейбір басшылар бұл ескертуге құлақ аспады. Нәтижесінде дала өрті кезінде шығынға ұшырады», - дейді басқарма бастығы.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары тамыздың 14-інде Теректі, Бөрлі, Сырым, Ақжайық аудандары мен Орал қаласының маңайын тікұшақпен аралап, өртке қатысты жағдаймен танысып қайтты. Өңірде Ресейдегідей ну орман болмаса да, ондағы апатты жағдайдан сабақ алудың артықтығы жоқ.

Қазіргідей қиын кезеңде ұйымшылдық пен белсенділік танытып, өзгелерге үлгі боларлық іс-әрекетке көшкендер де бар. Мысалы, Бөрлі ауданының Успенов ауылында мемлекеттік емес өрт сөндіру бекеті құрылып, еріктілер жасағы топтастырылса, Зеленов ауданының Үлкен Шаған ауылында жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға өртке қарсы күрес бөлімі ашылды.

Соңғы жаңалықтар