Батыс Қазақстанда партиялық бақылау жұмыстарына баса көңіл бөлінетін болады
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімінің міндетін атқарушы, облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен болған жиында екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе - ҚР Қаржы министрлігінің құзырындағы жергілікті аумақтық органдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру турасында облыстық партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Аққали Әубекеров баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, комиссия мүшелері 2008 жылдың қаңтарынан 2009 жылдың желтоқсан айына дейін ҚР Қаржы министрлігіне қарасты аумақтық мемелекеттік органдарға тексеріс жүргізген. Тексеріс нәтижесінде аталмыш мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары негізінен оңтайлы жүзеге асқаны анықталды. Алайда жекелеген кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы, 2008 жылы салық департаментінің қызметкерлері жемқорлыққа қатысты бір құқық бұзушылық әрекетке барса, кедендік бақылау департаментінде оның саны онға жеткен. 2009 жылы салық департаментінде жемқорлыққа байланысты үш құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Кедендік бақылау департаментінде мамандар жиі ауысады. 2008 жылы 26 адам қызмет ауыстырса, 2009 жылы 37 маман департаментпен қош айтысқан. Соның ішінде 11 қызметкер басқа кеден органдарына ауысқан, 15-і өз еріктерімен жұмыстан босаған, 8 адам теріс негізде жұмыстан кеткен, екі үміткер арнайы тексерістен өте алмаған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе - көктемгі далалық жұмыстарды ойдағыдай атқару үшін Үкімет бөлген жанар-жағармайдың талан-таражға түспеуіне партиялық бақылау орнату туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбековтың хабарламасы тыңдалып, әрбір ауданда қоғамдық бақылаушылар бекітілді. Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер алынды.