Батыс Қазақстанда полиция қызметкерлерін аттестаттау жалғасуда

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кезектен тыс аттестаттаудың бірінші кезеңінде департамент басшылығы (бастығы, оның төрт орынбасары) Президент жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиядан сәтті өткен.
Екінші кезеңге департамент қызметтерінің, аудандық ішкі істер бөлімдері басшылары, барлығы 85 қызметкер қатысты. Аттестациялауды орталық комиссия (төрағасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымов) өткізді.
Оның қорытындысы бойынша үш қызметкер (3,5 пайызы) жоғары лауазымға ұсынылса, 74-і (87 пайызы) өз қызметіне лайық деп табылды. Екі адамның (2,3 пайыз) қызметін төмендету, бесеуін (5,8 пайыз) басқа қызметке ауыстыру, біреуін (1,1 пайыз) жұмыстан босату ұсынылды.
9 тамызда аймақтық аттестаттау комиссиясы өз жұмысын бастайды.